Дүниежүзілік туризм күні мерекесі қарсаңында Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығында орналасқан Қолөнершілер қалашығының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл орталық жалпы түркі елдерінің қолөнершілерінің ошағына айналмақ. Биыл Түркістан қаласы халықаралық World Craft Council ұйымының шешімімен «Қолөнершілер қаласы» мәртебесіне ие болды. Осыған орай Түркістанда «Түркістан – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылды. Халықаралық фестивальге Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ресей елдерінен 100-ге жуық қолөнерші келді. Ал еліміздің әр аймағынан 300-ге жуық қолөнер шебері қатысуда. World Craft Council халықаралық ұйымының құрметті елшісі Азиз Муртазаев арнайы келіп, World Craft Council халықаралық ұйымының шешімімен және Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің келісімімен қабылданған шешім бойынша Түркістан қаласына «Қолөнершілер қаласы» мәртебесі куәлігін табыстады.
Бірегей нысанның ашылу рәсімінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, қолдау көрсеткен мәртебелі қонақтарға алғысын жеткізді.
– Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» арнайы Заңға қол қойды. Қабылданған Заңда қолөнер саласындағы шеберлерге мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, жергілікті қолөнершілердің кәсібін дамытуға жол ашылды. Ұлттық дәстүрді қолдау мақсатында Қолөнер қалашығының құрылысын жүргіздік. Бүгін «Turkistan World Craft Fest» халықаралық фестиваліне арнайы жиналған әлем шеберлері ерекше орталықтың жұмысына жаңаша серпін береді деп сенеміз. Биыл Түркістанға «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи шаһар ежелден қолөнер мен сауда орталығы болған. Қазіргі таңда облысымызда 130-дан астам шебер еңбек етуде. Кешенде ұлттық қолөнердің сан түрлі бағыттары тоғысып, өңірімізге келетін туристер үшін жаңа мәдени орталыққа айналады. Қалашық тек сауда-саттық орны ғана емес. Бұл – шеберлердің тәжірибе алмасатын, жаңа туындыларын ұсынатын, жастарды өнерге үйрететін үлкен орталық. Ең бастысы, ол халқымыздың тарихын, дәстүрін айқындайтын, мәдениетімізді әлемге танытатын бірегей алаң. Туристер үшін жергілікті туындылар әрдайым қызығушылық туғызуда. Бүгінгі қуанышты оқиға Түркістанның туристік әлеуетін көтереді. Қолөнершілер қалашығы Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтады. Жаңа орталық елге қызмет етіп, Түркістанды таныта берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс басшысы мен қонақтар Қолөнершілер қалашығындағы киіз, жүн түту және тоқыма, керамика, ағаш және былғары тері, кілем тоқу және басқұрлар шеберханаларын аралап, халықаралық және отандық қолөнер шеберлерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар Шығыс базарында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін тамашалап, шеберлердің жұмысын жоғары бағалады.
Салтанатты шара аясында 100 керамика шебері біз мезгілде құмыра жасады. Қолөнер бұйымдарының көрмелері, шеберлік сағаттары, ұлттық киімдер мен бұйымдар жәрмеңкесі, мәдени-танымдық және концерттік бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылды. «Fashion» этно сән үлгісінің көрсетілімі өтті. Танымал әншілер әуезді әндерді шырқады.
Бұл бірегей кешен – ұлттық қолөнерді жаңғырту, туризмді дамыту және шеберлерге қолдау көрсету мақсатында жүзеге асқан маңызды жоба.
Туристік және мәдени бағыттағы бұл кешен 8 негізгі функционалды бөліктен тұрады. 20 шеберхана, көрме залдары, 2 шоурум, мейрамхана, қонақүй және туристік инфрақұрылымы бар қалашық 2,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда шеберлер ұлттық нақыштағы бұйымдарын жасап, көпшілікке ұсынып қана қоймай, тежірибе алмасады. Ерекше кешен жеке инвестиция есебінен салынған.
Айта кетейік, облыста туризм 3 бағытта дамуда. Тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмінің белсенділігі арта түсуде. Биыл облысқа келуші туристер саны көбейді. 6 айда өңірге 1 миллионнан астам саяхатшы мен қонақтар келген. Ал, шетелдік туристердің саны 23 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артқан. Облысқа келуші шетелдік туристер бойынша ТОП-5 мемлекет қатарында Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түркия, Қырғызстан бар.