Алматы облысында полиция қызметкерлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары бірлескен арнайы операция барысында күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Polisia.kz.
58-шақырымда орналасқан Алматы – Бішкек автожолында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Жамбыл ауданының полиция бөлімі және патрульдік полиция батальоны қызметкерлері Toyota Camry көлігін тоқтатты.
Тексеру кезінде көліктің жүк салғышынан қара полиэтиленге оралған үш қап табылды. Ішінде өзіне тән иісі бар жасыл түсті кептірілген өсімдік заты болған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат — кептірілген марихуана. Жалпы салмағы 58 келі 560 граммды құрайды.
Полицияның мәліметінше, бұл дерек бойынша заңсыз есірткі сақтау және тасымалдау бабымен қылмыстық іс қозғалды. 55 жастағы күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.
Бұған дейін де осындай операция өткен
Еске сала кетейік, бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданында полиция мен ҰҚК қызметкерлері құпия есірткі плантациясын анықтаған болатын. Күдікті жүгері арасына 233 түп қарасораны мұқият жасырып қойған. Жақын маңдағы лашықтан болашақ егіс үшін дайындалған ондаған пробирка табылған.
Сарапшылардың айтуынша, тәркіленген өсімдіктің жалпы салмағы 49 келіден асқан. Аталған алқаптың иесі — 36 жастағы жергілікті тұрғын ұсталған.