Фото: Ұлттық банк
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық банк таратқан ақпаратқа сүйенсек, инфляцияның күшеюі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және белсенді фискалдық саясат аясында ақша-кредит шарттарының жұмсаруы бағаның шектен тыс өсуіне қауіп туғызды. Осыған байланысты инфляцияның динамикасын тұрақтандырып, бағаның бақылаудан шығуына жол бермеу үшін шешімді қадам жасауға тура келді.
«Барлық негізгі метрика бойынша инфляцияның өскені байқалды. Жылдық инфляция қыркүйекте 12,9%-ға дейін қарқын алып (тамызда – 12,2%), Ұлттық Банктің болжамынан асып түсті. Азық-түліктің жекелеген санаттары қарқынды түрде қымбаттап келеді. Бұл өндіріс шығындарымен және импорт құнының өсуімен байланысты. Сонымен қатар сервистік инфляция да (15,3%) реттелетін қызметтердің (30,4%), сондай-ақ бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы есебінен айтарлықтай үлес қосты. Жанар-жағармай нарығын ырықтандыру шараларын жалғастыру аясында азық-түлікке жатпайтын инфляция қарқын ала бастады (10,8%) – отын бағасы бір жылда 11,9%-ға қымбаттап, қыркүйекте 3,4%-ға өсті», – делінген хабарламада.
Айлық инфляция 1,1%-ға дейін жеделдеді. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляцияның көрсеткіштері де тиісінше 1,2%-ға және 1,3%-ға дейін айтарлықтай жоғарылады. Мұндай динамика инфляцияның тұрақты сипатын және баға динамикасындағы қайталама әсердің біртіндеп біліне бастағанын көрсетеді.
Халықтың инфляциялық күтулері 12 ай кезеңінде жоғары және құбылмалы болып, бағалаудағы белгісіздік сақталып қалды. Нарықтағы кәсіби қатысушылардың биылғы жылға арналған инфляциялық күтулері 11,3%-дан 12%-ға дейін өсті.
«Сыртқы инфляциялық әсер әлі сақталып отыр. Сонымен бірге, ең алдымен, әлемдік азық-түлік нарықтары жағынан тәуекел күшейе түсті. Соңғы жылдары ет пен өсімдік майы санаттарында баға жағынан рекордтық өсім байқалды. Олардың динамикасы белсенді ішкі экспорт жағдайында ішкі бағалардың өсуіне әсер етеді.
Ресей Федерациясындағы инфляция салыстырмалы түрде жоғары болып қалғанымен, оның баяулау белгілері байқалады. ЕО-да инфляция – орнықты. ЕОБ баға динамикасы мен экономикалық белсенділіктегі белгісіздікке байланысты мөлшерлемені өзгертпей, үзіліс ұстап тұр. АҚШ-та ФРЖ бірқалыпты инфляциялық қысым мен макроэкономикалық белгісіздік жағдайында жұмыспен қамтуды қолдау үшін мөлшерлемені төмендетуге көшті», – деп түсіндірді Ұлттық банк.
Осы жағдайларда, инфляцияның нақты деңгейі болжамнан асып түскеніне байланысты ақша-кредит саясатын қатаңдату мақсатында Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені арттыру туралы шешім қабылдады.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 28 қарашада жарияланады.