Фото: коллаж Todayinfo
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылының әкімінің тұрғындарға бейәдеп сөз айтқан видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлар жұрттың ашуын туғызып, мемлекеттік қызметшілердің этикасы туралы қызу талқы басталды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Видеоның таралуынан кейін облыс әкімі Айбек Кәрімов өңірдегі барлық шенділерді — басқарма басшыларын, қала және аудан әкімдерін шұғыл жиынға жинап, қатаң ескерту жасады.
Жиында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, қоғаммен қарым-қатынас мәдениетін көтеру және тәртіптік жауапкершілік мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік қызмет – бұл өз халқыңның алдында ерекше жауапкершілік арқалау» деген сөзін еске салып, әр шенеунік осы қағиданы ішкі ұстанымына айналдыруы тиіс екенін атап өтті.
«Мемлекеттік қызмет – тек лауазым емес, бұл халық алдындағы абырой мен жауапкершілік. Әдепсіздік, дөрекілік немесе бейәдеп сөз — бұл тек мінездің әлсіздігі емес, адамның осы жүйеде қалуға лайықты ма, жоқ па екенін көрсететін нақты өлшем», — деді облыс әкімі.
Жиналыста соңғы кездері этикалық нормаларды бұзу, азаматтарға дөрекі сөйлеу, өз-өзін ұстай алмау сияқты фактілердің жиілегені айтылды.
«Өзін-өзі ұстай алмайтын, байыпты әңгіме жүргізе білмейтін, әдептен асып жауап беретін адам мемлекеттік басқару жүйесінде қалмауы керек. Әрбір өтініш мұқият қаралып, әділ шешім табуы қажет», — деді әкім.
Оның айтуынша, мұндай жағдайларға бұдан былай қатаң шаралар қолданылатын болады.
«Мемлекеттік қызмет абыройы – кабинет пен атақтан емес, жеке парасаттылықтан, адамға деген құрметтен және өзін лайықты ұстай білуден басталады», — деп түйіндеді өңір басшысы.