Фото: instagram.com/01pk
Ішкі істер вице-министрі Абай Қайырбеков сотталған Перизат Қайраттың жұмысқа орналасуы мен анасымен бірге бір түзету мекемесіне ауыстыру мәселесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Перизат Қайраттың қай жерде жұмыс істейтіні оның біліктілігі мен бос жұмыс орындарына байланысты анықталады.
«Қолайлы бос орындар қаралады. Егер кәсіби дағдылары жеткіліксіз болса, түзеу мекемесінде оқыту курстары немесе колледждерде даярлық жүргізіледі», – деді Қайырбеков.
Вице-министрдің айтуынша, Перизат Қайрат тігін өндірісімен немесе шаруашылық жұмыстарымен айналысуы мүмкін.
«Мекеме ішінде әртүрлі жұмыс бар. Жалақы көлемі істелген жұмыс көлеміне қарай өзгереді, бірақ сотталғандар ең төменгі жалақы мөлшерінен кем алмайды», – деп нақтылады ол.
Сонымен қатар, Қайырбеков Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваны бір колонияға орналастыру мүмкін екенін айтты.
«Оларды бір мекемеге жіберу қарастырылуы мүмкін. Бір немесе әртүрлі отрядта болу мәселесін мекеме ішіндегі жедел жағдай мен қауіпсіздік талаптары бойынша шешеді», – деді ол.