Энергетика министрлігі сарапшы Олжас Байділдиновтің қоғамдық көліктегі жолақы тарифіне қатысты айтқан мәлімдемелеріне жауап берді. Ведомство Байділдиновтің министрлікке ешқандай қатысы жоқ екенін және оның пікірі мемлекеттік органдардың ресми ұстанымын білдірмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Министрліктің дерегінше, кейбір ақпарат құралдарында сарапшы «ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі» ретінде көрсетілген. Осыған байланысты ведомствоға оның жолақыны 500 теңгеге дейін көтеру жөніндегі ұсынысына қатысты сауалдар келіп түскен.
«Олжас Байділдинов ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі емес. Қоғамдық көлік тарифтері туралы айтқан пікірлері – оның жеке көзқарасы. Бұл мемлекеттік органдардың ресми ұстанымы болып саналмайды», – деп нақтылады министрлік.
Сонымен қатар ведомство қоғамдық көлік тарифтерін қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің құзыретінде екенін еске салды. «Бұл мәселе Энергетика министрлігінің қызмет саласына кірмейді және оның күн тәртібінде тұрған жоқ», – делінген ресми жауапта.
Айта кетейік, Олжас Байділдинов бұған дейін де қоғам назарын аударған тұлға. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасының алдында сұйытылған газ бағасын өсіруді қолдағаны үшін сынға ұшыраған. Енді сарапшы қоғамдық көліктегі жолақыны 500 теңгеге дейін көтеру қажет деген ұсынысымен тағы да жұртшылықтың наразылығын тудырды.