Алматыдағы қарттар үйі қызметкерлерінің салғырттығынан 83 жастағы қария жүре алмай қалды, деп хабарлайды Todayinfo.
Бостандық ауданында орналасқан жеке «Қамқор Забота» пансионатында тұратын Тілектес Мергенбаев 7 қазанда таңғы сағат 04:27-де төсегінен құлап, тұра алмай екі сағат бойы сыз еденде жатқан. Сағат таңғы 6 жарымның кезінде қызметкер басқа науқастың шақыртуымен келіп, тұра алмай жатқан қарияны көреді. Қартты жұлқып тұрғызып, төсегіне отырғызып қояып, кетіп қалады. Әлсіреген Тілектес Мергенбаев екінші рет құлап, қатты жарақат алады. Басы мен омыртқасы сынып, жерде тағы да бір сағат жатады. Кейірек оралған қызметкер бұл жолы қартты еденде сүйреп, төсегіне лақтырып тастаған. Науқастың жаны қысылып көмек сұрағанын елемеген, жедел-жәрдем шақырмаған.
Тілектес Мергенбаев ұлы бұл оқиға туралы тек 11 сағат өткен соң білген. Оған пансионат басшысы қоңырау шалған. Тек немересі келген соң ғана ол жедел жәрдем шақырып, әкесін ауруханаға жеткізген.
Қарттар үйі әкімшілігінің салғырттығынан қария ауыр халде ауруханаға түсіп, үш күн бойы реанимацияда жатқан. Дәрігерлер енді қарияның өздігінен жүре алмайтынын, өмір бойы төсекке таңылатынын айтты.
«Әкем бірнеше сағат бойы омыртқасы сынып, еденде жатқан. Оны бір зат сияқты лақтырып тастаған. Соның кесірінен жүре алмай қалды. Оған қатыгездік жасады. Егер немересі жедел жәрдем шақырмаса, аман қалмас еді. Пансионат басшылығының немқұрайлығы мен адамның жан қиналысына шімірікпей бейжай қарауынының құрбаны болды», — деді ол.
Тілектес Мергенбаевтың туыстары бейнежазбаларды көруге келген кезде, пансионаттың иесі мен оның жұбайы арыз жазбауды өтінген.
Кейін белгілі болғандай, қарияны сүйрелеген қызметкер ресми түрде жұмысқа алынбаған және оқиғадан кейін ешқандай жауапкершілікке тартылмаған.
Бүгінге дейін пансионат басшылығы отбасыдан кешірім сұрамаған, материалдық көмек көрсетпеген. Қарттың ұлы әкесін қымбат пансионатқа ауыстыруға мәжбүр болған.
Қазіргі таңда 83 жастағы Тілектес Мергенбаев Алматы қаласындағы №12 қалалық ауруханада жатыр.
Фото: Freepik