Фото: stan.kz
Қарағандыда “Қазақстан несімен танымал?” деген сұраққа “Мамбетами” деп жауап берген Алика Мұхамадиеваға қатысты сот процесі басталды. Тыңдалым ашық форматта өтіп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Айыпталушы мен оның қорғаушысы журналистерден оның жүзін фото және видеоға түсірмеуді өтінді. Судья бұл өтінішті қанағаттандырды.
Сот отырысының басында мемлекеттік айыптаушы Фарида Сәдуова процесті жабық түрде өткізуді ұсынғанымен, судья Арғын Құтышев бұл өтінішті қабылдамады.
Сот материалдарына сәйкес, Алика Мұхамадиева — жүк жеткізу қызметі мен киім дүкенінің иесі. Ол биыл жазда Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жазбалары үшін қоғамның наразылығына ұшыраған.
Мұхамадиева сотта өз кінәсін мойындап, өкінетінін айтып, көзіне жас алды.
“Қоғам алдында, ренжіткен барлық адамның алдында ұялып тұрмын. Әсіресе, мұсылмандар мен қазақ халқының алдында. Ешкімді ренжіткім келмеген едім, бірақ сөздің ауыр салдарын түсіндім,” — деді ол.
Ол бұл әрекетті эмоциялық күйзеліс кезінде, әжесі қайтыс болған соң және ұйқысыздықтың әсеріненжасағанын айтты.
“Қамауда отырғаныма 86 күн болды. Күн сайын қызымды ойлаймын. Әкесі оның түнде “Анам қайда?” деп сұрайтынын айтты. Бұл мені қатты қинайды,” — деді Мұхамадиева.
Адвокат Тимур Солодуха істі қысқартылған тәртіпте қарауды сұрады. Оның айтуынша, іс бойынша жазаны жеңілдететін мән-жайлар бар, ал ауырлататындары жоқ.
“Максималды жаза — төрт жарым жыл немесе 12 миллион теңге айыппұл. Айыпталушы айыппұл төлеуге келісімін берді. Ең бастысы, бас бостандығынан айырылмаса екен дейді,” — деді қорғаушы.
Сондай-ақ ол Мұхамадиеваның қоғамдағы үлкен резонансқа себеп болған жазбасына шын өкінетінін атап өтті.
Мұхамадиева өз сөзінде бұл жағдай оның өмірін түбегейлі өзгертті деп мойындады:
“Мен барлық әлеуметтік желілердегі аккаунттарымды жойдым. Енді жек көрушіліктің бір бөлігі болғым келмейді. Сөйлер алдында ойланудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім,” — деді ол.
Келесі сот отырысы 18 қазанда өтеді.