Фото: видео скриншот
Семейде 23 жастағы жігіт жолаушы пойызының астына түсіп, ауыр жарақат алды. Ол құлаққапта келе жатып, қауіпті аймаққа кіріп бара жатқанын аңғармаған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға қаланың дәл орталығында болған. Жігіт базар маңындағы жабық теміржол өткелінен өтіп бара жатқанда, локомотив қағып кеткен. Машинист шұғыл тежеу қолданғанымен, жігіт пойыздың астына түсіп кеткен. Ол ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
“Жігіт құлаққап тағып, капюшон киіп, қолында ұялы телефонымен жүрген. Ол өткелдің жабық екенін, көліктер тоқтап тұрғанын және пойыз келе жатқанын мүлде байқамаған. Аталған жағдайға байланысты «Теміржол көлігі қозғалысының қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – деді Семей станциясындағы көлік полициясы бөлімінің басшысының орынбасары Ербол Қожақарим.
Полиция мен дәрігерлер тұрғындарды теміржол жолдарынан өткенде өте мұқият болуға шақырады. Осы көктемде дәл осы жерде бір әйел адам пойыздың астында қалып, қаза тапқан. Ал енді тағы да жаңа жағдай.
“Жағдайы тұрақтанғаннан кейін науқасқа шұғыл түрде ота жасалды. Операция кезінде оң жақ сирақ ортаңғы деңгейден кесіліп (ампутация жасалып) алынды. 20 қазан күні, жағдайы тұрақталған соң, пациент политравма бөліміне ауыстырылды”, –деді Семей қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының көпжарақ бөлімінің меңгерушісі Дарын Бақтыбаев.