Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетігіне кешенді талдау жүргізді. Нәтижелер бұл жұмыстың тиімсіз болғанын, адал бәсекелестік пен ашықтық қағидаттарының жүйелі түрде бұзылғанын көрсетті.
Тексеріс барысында өңірлердегі Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысынан бірқатар кемшілік анықталды.
Миллиардтар арзаншылықта жұмсалған
Ең басты мәселе – қаражатты тиімсіз пайдалану. Талдау көрсеткендей, картоп бағасы онсыз да төмен болатын кезеңде (қазан-сәуір) оны сатып алуға 5,1 миллиард теңге бөлінген. Алайда, баға шарықтап, нағыз тапшылық болатын кезеңде (мамыр-шілде) тұрақтандыру шаралары мүлдем қолданылмаған.
Яғни, ӘКК-лар нарыққа арзан картопты қажет емес кезде шығаруға тырысып, ал қымбатшылық кезінде әрекетсіз отырған.
Жеңілдетілген несиелер және орындалмаған шарттар
Талдау барысында басқа да заң бұзушылықтар анықталды:
- Қарыздар қайтарылмаған: Бірқатар өңірде қарыз шарттарының талаптары орындалмаған. Мысалы, бір қарыз алушыға 489 млн теңге беріліп, ол бірнеше рет ешқандай санкциясыз ұзартылған. Осындай жолмен ұзартылған тағы 1,3 млрд теңгеден астам сомаға берілген қарыздар тіркелген.
- Тең емес жағдай: Кейбір компанияларға пайызсыз жеңілдетілген қарыздар берілген, бұл оларға нарықта негізсіз артықшылықтар туғызған.
- Сөреге жетпеген өнім: Бюджет қаражатына сатып алынған өнім сауда желілеріне толық жеткізілмеген. Екі жыл ішінде сатып алынған көлемнің тек 19%-ы ғана сатылған. 2021 жылдан бері алынған бірқатар өнім әлі күнге дейін қоймада жатыр.
Қандай шаралар қабылданды?
Агенттік жүргізген жұмыс нәтижесінде бір ӘКК-ге қатысты тергеу аяқталып, оған 300 АЕК (1,18 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар өзге ӘКК-лерге монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілері бойынша 8 хабарлама енгізілген.
БҚДА талдау қорытындысы бойынша Үкіметке келесідей ұсыныстар әзірледі:
- Қарыз шарттарына бірыңғай талаптар енгізу;
- Міндеттемелер орындалмай тұрып, несиені ұзартуға тыйым салу;
- Өнімді бөлу жоспарларын міндетті түрде жариялау;
- Әкімдіктердің жауапкершілігін күшейту.