«КазРосГаз» компаниясының 2024 жылғы аудиторлық есебі бірнеше маңызды жайтты ашты. Басты жаңалық – компания Еуропа нарығындағы шектеулерге байланысты Қазақстанға пропан-бутан (сұйытылған газ — СУГ) жеткізуді қарастырып жатыр.
Еске салсақ, 2023 жылдың қарашасында Энергетика министрлігі елде тапшылық туындаған жағдайда «КазРосГаз» ресурстарынан жылына 90 мың тоннаға дейін СУГ импорттау мүмкіндігін мәлімдеген болатын. Бақытымызға орай, ол кезде тапшылық болған жоқ.
Басты сұрақ: «Газпром» үшін «өте төмен баға»
Енді «КазРосГаздың» Қазақстан нарығына кіру жоспары олардың баға саясатына қатысты үлкен сұрақтар туғызып отыр.
Аудиторлық есепке сәйкес, «КазРосГаз» сұйытылған газды «Газпромның» еншілес компанияларына «өте төмен бағамен» сататыны белгілі болды. Осыған байланысты мынадай сауалдар туындайды:
- Неліктен баға «өте төмен»? «КазРосГаз» осы мәмілелердің толық мән-жайын аша ала ма?
- Қазақстандық компаниялар да сұйытылған газды дәл осындай төмен бағамен сатып ала ала ма?
Оның үстіне, «КазРосГаз» өз өнімін сатқан кезде Қосылған құн салығын (ҚҚС) нөлдік мөлшерлеме (нулевая ставка) бойынша төлейтінін ескерсек, бұл мәселенің маңызы арта түседі.
Есептегі тағы бір ірі мәміле: Тимур Турлов және алтын кен орны
Аудиторлық есептен белгілі болған тағы бір ірі жаңалық – Тимур Турлов «КазРосГаз» компаниясынан алтынға қатысты активтерді сатып алған.
«КазРосГаз» өзіне «Qazaq Banki»-нен өткен «Central Asia Gold Corp» ЖШС-ін (Қоғандыр учаскесінде алтынды барлау және өндіру құқығы) Тимур Турловқа 18,2 миллиард теңгеге сатқан. Бұл «КазРосГаздың» негізгі газ бизнесінен бөлек, ірі активтерді басқарып отырғанын көрсетеді.

