Ресей-Қазақстан шекарасындағы мәселелер азаяр емес. 24 қазанда Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанмен шекара арқылы тауар тасымалдаудың жаңа ережелерін енгізетін № 778 жарлыққа қол қойды.
Бұл құжат ЕАЭО ішіндегі сауда ережелерін біржақты өзгертіп, Қазақстан үшін елеулі экономикалық салдарға әкелуі мүмкін.
№ 778 Жарлық нені өзгертеді?
Бұл құжат 2025 жылдың 10 желтоқсанына дейін Қазақстан мен Қырғызстаннан тауар әкелудің ерекше уақытша тәртібін бекітеді.
Ең бастысы: Жарлық ЕАЭО таңбасы (маркировкасы) жоқ, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының мәртебесін растайтын құжаттары жоқ өнімдерді Ресейге кіргізуге рұқсат береді.
Мәселе неде? Бұл «жеңілдік» кімге арналған?
Бір қарағанда, бұл қадам шекарадағы бюрократиядан тауарлары кептеліп тұрған кәсіпкерлерге көмектесуді көздейтін сияқты. Себебі, Қазақстан екі айдан бері Ресеймен шекарада мыңдаған фураның өткізу пункттерінде кезекте тұрғанын көріп отыр.
Алайда, жарлықта маңызды ескерту бар: құжаттары толық емес тауарларды тек ресейлік компаниялар ғана әкеле алады. Олар тауарды кіргізгеннен кейін ғана оны заңдастыруға (декларациялау, таңбалау, құжаттарды рәсімдеу) міндеттенеді.
ЕАЭО ережелерін біржақты бұзу ма?
Сарапшылар бұл құжаттың Қазақстан үшін маңызды заңды және экономикалық салдары болуы мүмкін екенін айтады.
Осы жарлық арқылы Ресей ЕАЭО ішіндегі елдер арасындағы сауда ережелерін іс жүзінде біржақты тәртіппен уақытша өзгертіп отыр. Бұл «контрабандистерге» және заңсыз тауар айналымына жол ашып, ал ресми тасымалдаушылар мен қазақстандық бизнеске кедергі келтіруі мүмкін. Бұл жағдай Одақ ішіндегі бірыңғай кедендік кеңістік қағидатына қайшы келеді.

