Фото: lada.kz
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы Ақтаудағы тұрғын үйдің жертөлесінде газ жарылысы кезінде зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Медициналық көмекке бес адам жүгінген – екеуі ересек, үшеуі бала.
Ең ауыр жағдайда – 1973 жылы туған науқас. Ол реанимация бөліміне бет, мойын, кеуде, екі қол, екі аяқ және арқа аймақтарындағы III-АБ дәрежелі термиялық күйіктермен (50–55%, оның 20%-ы терең күйік) жеткізілген. Сондай-ақ көздің қасаң қабығы күйіп қалған.
2003 жылы туған пациенттің бет жарасына алғашқы хирургиялық өңдеу жасалды. Ол амбулаториялық емдеуге жіберілді.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына үш бала түскен. 15 жастағы қыз бала иіс газымен уланған. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы орташа ауыр, есі бар, педиатрия бөлімшесіне жатқызылған.
10 жастағы қыздың да жағдайы ұқсас, алайда анасы ауруханаға жатқызудан жазбаша түрде бас тартқан.
7 жастағы ұл бала да иіс газымен уланған, тексеруден кейін ол үйіне жіберілген.
Еске салайық, 28 қазан күні сағат 09:03-те Ақтау қаласының 32В шағынауданындағы “Асия” тұрғын үй кешенінің жертөлесінде газ-ауа қоспасының жарылысы туралы хабар түскен.

