Алматы облысында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері мен аймақтық бизнес-қоғамдастық мүшелері қатысты, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Кездесудің басты мақсаты — бизнес пен билік арасында тікелей диалог орнату. Мұндай формат Президенттің бизнес құқығын қорғауды күшейту және іскерлік ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмаларына сай жүзеге асырылуда.

Талқылау барысында жер телімдерін беру, инвестициялық жобаларды іске асыру, жекеменшік білім беру саласын реттеу, экологиялық талаптарды сақтау және құқық қорғау органдарының кәсіпорын қызметіне араласуы сынды өзекті мәселелер көтерілді. Әр бағыт бойынша тиісті мемлекеттік органдар түсініктеме беріп, нақты шешу жолдарын ұсынды.
Аймақта бүгінде 56 жекеменшік мектеп жұмыс істейді, онда шамамен 15 мың бала білім алады. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап олардың 39-ы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істей бастады. Бұл қадам өңірдегі мектептердегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Соңғы жылдары Қарасай және Іле аудандарында жалпы сыйымдылығы 3,5 мың оқушыға арналған екі заманауи мектеп пайдалануға берілді. Бұл үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге оң әсер етті.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту бағытында қолға алынған шараларға тоқталды.
«Бизнес пен мемлекеттің бірлескен жұмысының арқасында облыс экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индекс 110,2%-ды құрады. Ең жоғары өсім құрылыс, өнеркәсіп, сауда және инвестиция тарту салаларында байқалады. Кәсіпкерлікті қолдау – басым бағыттардың бірі. Бұл мақсатқа 27,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 156 мыңнан асты, ал сектордағы жұмыспен қамту 10,5%-ға өсті. Тек бірлескен күш-жігер арқылы біз өңірдің тұрақты дамуын және халықтың өмір сапасын арттыра аламыз», — деді өңір басшысы.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров мемлекеттік құрылымдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың ашық әрі болжамды болу қажеттігін атап өтті.

«Мен кездесу нәтижесіне өте ризамын. Барлық мәселе сол жерде талқыланып, нақты жауаптар берілді. Ал республикалық деңгейдегі сұрақтарды жеке бақылауыма алдым», — деді Қанат Нұров.
Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмысты жалғастыру және бизнес мәселелері бойынша тұрақты пікір алмасу жөнінде уағдаласты. Мұндай өзара әрекеттестік кәсіпкерлікті дамытуға кедергілерді жедел жоюға және бизнес ортасын жақсартуға мүмкіндік береді.

