Алматы қаласы әкімдігі тиісті мемлекеттік органдармен, ғылыми ұйымдармен және қоғам өкілдерімен бірлесіп, Баум тоғайын сақтау, қалпына келтіру және көркейту бойынша кезең-кезеңімен жұмыс жүргізіп келеді. Жобаның басты мақсаты – тоғайдың табиғи келбетін сақтау, жасыл желекті нығайту және экожүйеге барынша аз әсер ете отырып, тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы демалысқа жағдай жасау. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тиісті басқармалар мен ұйым өкілдері баяндады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Баум тоғайы – ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Мұнда мемлекеттік орман қорына кіретін 104 429 ағаш және 5 081 бұта өседі. Барлық жұмыс экологиялық талаптар мен ғылыми институттардың ұсынымдарына сай жүргізіліп отыр.
«Баум тоғайын абаттандыру жобасының басты мақсаты – оның мәртебесін, яғни қаланың басты табиғи нысаны ретіндегі рөлін қайта жаңғырту. Біз тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру үшін табиғи ортаға барынша аз араласу қағидатын ұстанамыз. Ең алдымен, адамдарға қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасау көзделген. Қазір тоғай аумағы қараусыз күйде: жарық та, бейнебақылау да жоқ. Мұның бәрі жобада қарастырылған және жақын арада орнатылады. Жоба толығымен жеке қаражат есебінен жүзеге асып жатыр, жергілікті бюджеттен қаражат жұмсалған жоқ», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменов.
Жоба аясында ағаштарды кесу жоспарланбаған. Тек апатты, қураған және қауіпті ағаштар санитарлық мақсатта кесіледі. Ол орман патологиясы мамандарының қорытындысы негізінде іске асады. Сонымен қатар жасыл қорды жаңарту бағдарламасы қолға алынған: 2023 жылдан бері 2 мыңнан астам көшет отырғызылды, ал абаттандыру аясында тағы 1000 ағаш егу жоспарланып отыр.

«Қазіргі таңда Баум тоғайындағы барлық жұмыс жер бедеріне және ағаштардың тамыр жүйесіне зиян келтірмей жүргізіліп жатыр. Біз ағаштың тамыр жүйесіне өте мұқият қараймыз. Сол себепті цемент-бетон өнімдерін, жиектастарды пайдаланудан бас тарттық. Жоба аясында бірде-бір ағаш кесілмейді және бүгінге дейін кесілген жоқ. Керісінше, тағы мыңнан астам ағаш егу көзделген», – деді Батырхан Сүлейменов.
25-26 қазан аралығындағы түнде «Медеу» саябағының қызметкерлері заңсыз ағаш кесу фактісін анықтады: 5 ағаш (үйеңкі және қараған) кесіліп, 11 ағаш (ұсақ жапырақты жөке) оталған. Оқиға орнынан екі қол арасы мен бір бензинмен жұмыс істейтін ара табылды. 24 қазанда бұл ағаштарда зақым болмағаны тіркелген. Кезекші инспектор экологиялық полицияға арыз түсірді.
Сондай-ақ, 25 қазанда бір ағашты қасақана өртеу фактісі тіркелді, оны «СК Барлас Құрылыс» мердігер компаниясының қызметкерлері дер кезінде сөндірді.
Жоба демеушісі мен мердігер ұйым ағаш кесу жұмыстарына қатысы жоқ екенін мәлімдеп, экологиялық полицияға жеке арыз берді. Компания шағын сәулеттік нысандарды тек жасыл желек жоқ жерлерде орнатып жатыр.
Болашақта мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында тоғай аумағында патрульдеу күшейтіледі, қосымша бейнебақылау камералары орнатылады, ал тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін учаскелік полиция инспекторы тартылады.
Абаттандыру жұмыстарының негізгі мақсаты – табиғи экожүйені қалпына келтіру, қауіпсіздікті арттыру және тұрғындарға жайлы демалыс ортасын құру. Жұмыстардың көп бөлігі қолмен, ауыр техника мен бетон жабындарын қолданбай, орман жағында жүзеге асырылып жатыр.
Аумақта қауіпсіз экосоқпақтар, тыныш демалыс аймақтары, балалар алаңдары, жарықтандыру, бейнебақылау жүйесі және полиция бекеттері пайда болады. Әсіресе, табиғи дренаж жүйесін қалпына келтіруге баса назар аударылған: арықтар құрылыс мақсатында емес, ағаштардың діңін су басудан қорғау үшін пайдаланылады.
«78 дана 360° бұрышта шолу жасайтын камера орнату көзделген», – деді Bazis-A Corp компаниясының вице-президенті, жобаның кураторы Ғалым Тілемісов.
Барлық шешім Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Орман ғылыми-инновациялық институтының зерттеулері негізінде қабылданады. Жоба демеушілік қаржы есебінен жүзеге асырылып жатыр, ал ағаш отырғызу жұмыстары еріктілер мен демеушілердің қолдауымен жүргізіледі.

Жұмыс 2025 жылы күзде басталып, 2026 жылы мамырда аяқталады. Тоғайдың жағдайын тұрақты түрде «Медеу» табиғи саябағының қызметкерлері бақылайды. Қала билігі тұрғындармен және БАҚ-пен ашық диалогты жалғастырып, барлық шешімнің ашықтығын қамтамасыз етіп отыр.
Баум тоғайы табиғи аумақ мәртебесін сақтап қалады. Негізгі басымдық – оның бірегей экожүйесін қорғау, қауіпсіздікті арттыру және қала тұрғындары үшін заманауи, қолайлы әрі экологиялық кеңістік қалыптастыру.
«Бізде тұрақты түрде 8 инспектордан құралған кезекші топ жұмыс істейді. Олар жұмыс күндері сағат 8:30-дан 18:00-ге дейін аумақта болады. Демалыс күндері де кезекші инспекторлар кезекшілік атқарады», – деді «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағы директорының орынбасары, бас орманшы Ұзақ Мықытанов.
Алматы әкімдігі қала тұрғындарын табиғи аумақтарды аялап ұстауға шақырады және жасыл желекті зақымдау деректері заң аясында қатаң түрде қаралатынын хабарлайды.

									 
					