Алмалы ауданында бірқатар медициналық нысандарда жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңа перзентхананың құрылысына дайындық басталды. Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Арман Шамшин Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың барысы туралы айтты, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Қазіргі таңда ауданда 25 медициналық ұйым жұмыс істейді, оның 12-сі мемлекеттік, 13-і жеке меншік мекеме.
2025 жылы №3 қалалық емхананың күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, мекеме тұрғындарды қабылдауды бастады. Сонымен қатар Қалалық адам репродукциясы орталығының екі корпусы жаңғыртылды.
Құны 11,5 млрд теңге болатын №1 қалалық перзентхананың құрылысы бойынша жоба дайындалып жатыр. Құрылыс 2025 жылдың соңына таман бсталып, 2026 жылдың төртінші тоқсанына аяқталмақ. Құрылыс кезеңінде орталықтың бөлімшелері уақытша Әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау комитеті департаментінің ғимаратында орналастырылады.
Сонымен қатар, қалалық балаларды оңалту орталығын құру жобасы жүзеге асырыла бастады. Техникалық тексеруден кейін жоба қосымша мемлекеттік сараптамадан өтіп, түзетіліп жатыр.
«Жаңартылған параметрлерге сәйкес жобалық-сметалық құжаттама нақтылануда. Бұл жоба балаларға жаңа әрі арнайы жабдықталған жағдайда оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Арман Шамшин.
Ауданда Райымбек даңғылы бойында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған спорттық-оңалту орталығының құрылысы да жүргізіліп жатыр. Нысанды 2026 жылдың қарашасында пайдалануға беру жоспарланған. Орталық физикалық қалпына келтіру, бейімделген спорт және сауықтыру бағдарламаларына арналған көпфункциялы алаңға айналмақ.
Негізгі жобалардың бірі – Әйтеке би мен Масанчи көшелерінің қиылысында орналасқан тәулігіне 500 адам қабылдайтын жаңа қалалық емхана құрылысы. Жоба 2025 жылғы 14 сәуірде сараптаманың оң қорытындысын алды. Қазіргі уақытта нысанда бұзу жұмыстары аяқталып, құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылғы қараша айында басталады. Емхананы 2026 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Аудан әкімдігі тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету үшін инфрақұрылымдық жобаларды дәйекті түрде жүзеге асыруды жалғастырып келеді.

