Тұрсынбек, сөз жоқ, елдің алдында жүрген жігіт. Оның өнеріне баға беретін біз емес — Уақыт. Аз ба, көп пе — елдің қажетін ашқан жігіт. Елді күлдіре білу де өнер. Қалың жұрт — ақымақ емес. Тұрсынбектің концертіне барады. Тұрсынбекпен бірге күледі. Дұрысы — өз өздеріне күледі, өз өмірлерінің күлкілі сәттерін көріп күледі. Тұрсынбек мысалды көбіне өмірден алады. Ештеңені аспаннан алмайды. Несі бар, — тәуелсіздікті заң жүзінде ғана алып, ал шын мәнінде әлі отарсызданбаған халықтың һәм аянышты, һәм күлкілі жақтарын Тұрсынбек көре білді, көргенін келістіріп айта білді.
Көптің деңгейі қандай — Тұрсынбек те сондай. Артық та емес, кем де емес, — шыны осы.
Тұрсынбектің бойынан кешегі өткен Абайдың нағашылары, орта жүзді сөзбен қырған, күлкіге қарық қылған шаншар Қантай, Тонтайларды көремін деп әурелену басы артық нәрсе. Заман басқа, заң басқа. Бәрі өзгеріп кетті. Тіпті қара сөздің қаймағын қалқып ішкен, астарлы әзіл, уытты қалжың айта білген қазақ деген халық та қатты өзгерген. Астарлы әзіл түгілі, тікелей айтылған әзілді түсінбейтіндей хәлге жеттік. Ендеше, Тұрсынбекке не сын? Ол бар жоғы көптің көкейіндегісін көре білді, айта білді, күлдіре білді…
Ал енді оның жеке өмірінің оның шығармашылығына қатысы бар ма?
Кеше ғана өткен, болашағынан үлкен үміт күттірген жас ақын — Бернияз Күлеев бір татар қызына ғашық болып қалып, ақыры атылып өледі. Бернияз туралы мақаласында Мағжан Жұмабаев: Бернияздың өмірі бізге үлгі емес, өлеңдері үлгі дейді. Немесе, аты аңызға айналған Әміре Қашаубаев туралы Жүсіпбек Аймауытов өзінің Әнші атты повесінде былай дейді: Әнші әйелден әйел ауыстырып жүре беретін; көбіне оны әйелдердің өздері тастап кетуші еді дейді. Сонда бізге Әміренің жеке өмірі үлгі ме? Әйел тастағыш деп әнін тыңдамай қоямыз ба?..
Біз, асылы, адамның жеке өмірі мен шығармашылығын шатастырып алған секілдіміз. Дұрысы — біз пенденің жеке өмірі мен шығармашылығының арасына теңдік белгісін қоятын сияқтымыз.
Қазақ “биік тауды көр, етегіне барма, жақсыны көр, үйіне барма» демеуші ме еді. Тауды алыстан қызықтап, идеал санап жүре бер. Етегіне барма. Көңілің қалады. Жақсыны да алыстан сыйлап, пір тұтып, құрметтеп, табына бер. Бірақ үйне барма. Мүмкін әйелі жаман шығар. Мүмкін тұрмысы нашар шығар. Көңілің қалады. Идеалыңды жоғалтасың деген тәмсіл ғой.
Біз Тұрсынбектің үйіне бармақ түгілі, көрпесінің астына кіріп алдық. Біз негізі Мөлдірге жанымыз ашып бара жатқан жоқ, біз өзіміздің ірің көрсе, жара көрсе үймелейтін құрт-нәпсімізді қанағаттандырып жатырмыз. Айызымыз қанып, тұшынып, рахатқа батып жүрміз…
Дүниеде бәрі өткінші. Бұл да өтеді. Тұрсынбектен кейін енді бізге біреудің жеке өмір қызық болмай қалайын деп тұр. Өйткені қоғам бұдан да жалығады.
Жалығып, өзіне шын рухани азық іздей бастайды. Ол күндер де алыс емес секілді.
Таң атпайын десе де, күн қоймайды дегендей, біз осылай бірте-бірте өсеміз. Рухани тазара бастаймыз. Біреуде шаруамыз болмай, әркім өзімен әуре болатын, өзін дамытумен айналысатын заман туар. Үмітсіз шайтан…
Оман Жәлелұлы

