Шанхайда Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Шанхай мэрі Гун Чжэн жұмыс бабымен кездесті. Тараптар екі мегаполистің сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Шанхай мэрі Алматының серіктестікті дамытудағы маңызды торап екенін атады. Ол биыл Шанхайда өткен China International Import Expo халықаралық көрмесіне алматылық кәсіпорындардың қатысуының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Алматы компанияларының өнім ұсынуы ынтымақтастықты тереңдетуге деген қызығушылықтың арта түскенін көрсетеді.
Гун Чжэн сонымен қатар өнеркәсіптік және инновациялық байланысты дамыту қажеттілігіне сенім білдіріп, қалалар арасындағы экономикалық қатынастарды кеңейтуге зор әлеует бар екенін айтты.
Дархан Сатыбалды Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған жаңа, жоғары деңгейге көтерілгенін жеткізді.
«Біз елдеріміздің көшбасшылары арасындағы тығыз саяси диалогты жоғары бағалаймыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынас достық пен стратегиялық серіктестіктің «алтын отыз жылдығына» қадам басты», — деді Алматы әкімі.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, Шанхай – Алматы үшін стратегиялық әріптес қана емес, рухы жақын қала. «Алматы мен Шанхай көп жағынан ұқсас: екеуі де елінің экономикалық, инновациялық және туристік орталығы», — деді Алматы басшысы.
Әкім сондай-ақ 2025 жылы жазда Алматы мен Шанхайдың ресми түрде бауырлас қалалар мәртебесіне ие болғанын еске салды. Бұл шешім сауда, инвестиция, туризм және білім беру салаларындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалады.
Бүгінде Алматы – Қытай бизнесі мен туристері үшін басты тартылыс орталығы. Қалада қытай капиталы бар 5 мыңнан астам компания жұмыс істейді, бұл Қазақстандағы барлық қытай кәсіпорындарының шамамен 70%-ы. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 7 млрд АҚШ долларынан асып, 20% өсті.
Тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді. Дархан Сатыбалды Алматы мен Шанхай арасындағы ынтымақтастықтың үш жылдық жоспарын әзірлеуді, сонымен бірге екі қаланың бизнесі арасында тікелей диалог орнату және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Алматы-Шанхай іскерлік кеңесін құруды ұсынды.
Айта кетейік, биыл екі қала арасындағы байланысты нығайту аясында China Eastern Airlines әуе компаниясы Алматы – Шанхай тікелей әуе бағытын ашты. Сонымен бірге туристер легі де өсіп келеді: жыл басынан бері Алматыға келген қытайлық туристер саны 33%-ға артты.

