Соңғы кездері «Qazaq Stroy» құрылыс компаниясының төңірегінде дау күшейіп тұр. Бір топ журналистер (Серік Аббас-Шах, Arman Aubakir, Диас Нұрақын, Әуелханұлы Мейіржан) компанияның бас офистіндегі «күн көсем» Лениннің бюсті, сапасыз салған үйлері мен орындалмаған міндеттемелері туралы ашық сынап, қара халықтың зардап шегіп жатқанын жазды. Осы сынның аясында компания басшысының Президент Тоқаевтың қабылдауында болуы қоғамда түрлі сұрақ тудырды. Бұл оқиғалардың артында Алматының қақ ортасындағы 75 миллиард теңгенің алып жобасы жатыр.
Мәселенің түйіні – Алматыдағы Республика алаңының оңтүстік-шығыс бұрышындағы (Назарбаев-Сәтпаев қиылысы) 3,8484 гектар жер. Бұрын Қорғаныс министрлігінің госпиталі орналасқан бұл аумақтың тарихы да қызық. 2014 жылы нарықтық құны 6 миллиард теңге тұратын жер Тимур Құлыбаевқа берілген. 2023 жылдың басында Бас прокуратура «7 жыл бойы пайдаланылмады» деген желеумен жерді қала балансына қайтарды. Алайда, арада бір жыл өткенде, 2024 жылғы 4 мамырдағы әкімдік қаулысымен бұл «алтын» жер «Qazaq Stroy» ЖШС-не «қайтарымсыз жер телімін пайдалану құқығы» арқылы берілген.

«Qazaq Stroy» бұл жерде «Бас мердігер» ретінде «Президент кітапханасын» салып жатқанын мәлімдейді. Алайда, жобаның құжаттарына үңілсек, «кітапхана» – бүкіл жобаны жасыратын «дәм болсын» сөз сияқты. Жоба бойынша кітапхана 16 099 м² аумақты ғана алады. Қалған қомақты бөлігіне мыналар салынады:
- Іскерлік орталық: 9 255,6 м²
- Бизнес-орталық: 12 609,64 м²
- 49 пәтерлі апартамент: 10 137,49 м²
- 102 нөмірлі қонақүй: 9 742,74 м²
- 1250 көлікке арналған паркинг: 31 409,0 м²
«Көріп отырғанымыздай, бұл қаланың әлеуметтік мәселесін шешетін емес, белгісіз бір «инвестордың» жеке мүддесін көздейтін ірі коммерциялық жоба» дейді журналист Ораз Әлімбек.
Осы құрылысқа 75 миллиард теңге жұмсалмақ. Әкімдік мұны «инвестиция» деп атап отыр. Ең қызығы, бұл «инвестицияның» игерілуін Сыртқы істер министрлігі (СІМ) қадағалайды. «Инвестор кім?» деген заңды сұраққа СІМ баспасөз қызметі мардымды жауап бермей отыр. Бұл құпиялылық «инвестор – Qazaq Stroy компаниясының нақ өзі» деген күдікті күшейтеді.
Егер инвестор шынымен «Qazaq Stroy» болса, үлкен сұрақ туындайды. Неліктен компания өз пәтерлерінің төбесінен су ағып, сапасыз құрылыстан зардап шегіп жатқан тұрғындар мен уақытылы пәтерін ала алмай отырған адамдар алдындағы бизнес міндеттемесін орындамай жатып, осыншама қымбат коммерциялық жобаны бастап кетті?
Бұл кітапхана, бизнес орталықтар мен қонақүйлер халыққа баспана болмайтыны анық. Сонда қарапайым халықтың көз жасына шыланған «Президент кітапханасының» не қажеті бар? Ертең «осы кітапханаға қарай бердім, ішінде нақақ көзден жас бар ма» деп күрсініп жүрмейміз бе? Бұл жағдайдан Ақорда хабардар ма екен?

