Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Кәрім Мәсімовке тиесілі болған, алайда мемлекет меншігіне өткен коллекциялық сағаттарды, әлемдік брендтердің зергерлік әшекейлерін және сирек аксессуарларды тағы да аукционға шығарды. Бұл туралы Dalanews-ке сілтеме жасап Todayinfo хабарлайды.
Лоттар арасында — Patek Philippe, Franck Muller, Harry Winston сағаттары, Van Cleef & Arpels, DE BEERS, Yana Jewellery секілді люкс санатындағы әшекейлер бар.
Бұдан бөлек, саудаға төрт ерекше лот қойылды — коллекциялық монеталар, қылыш және ұлттық өрнегі бар белдік. Құжаттарға қарағанда, бұл заттар бұған дейін сотталған ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің үйінен тәркіленген мүліктер тізіміне сай келеді.
42 лоттың ішінде қайтарылған активтерді басқару компаниясы тек біреуін ғана сата алды. Сатып алушы «қынабымен самурай қылышын» 542 719 теңгеге сатып алған. Қылыш болаттан жасалған, қынабы қара түсті материалдан, ал сабы бедерлі геометриялық өрнектермен әшекейленген. Айта кетерлігі, дәл осындай қылыш Мәсімовтің үйінен тәркіленген мүлік тізімінде де көрсетілген.
Ең қымбат лоттарға сатып алушы табылмады. Олардың ішінде құны 150 миллион теңге болатын платинадан жасалған Ulysse Nardin Classic 789-80 сағаттары бар. Сағат циферблаты авантюриннен жасалған, онда алтыннан құйылған жауынгерлер бейнеленген, олар сағат соққан сәтте қозғалады.
Фото: inform.kz

