Фото: dalanews.kz
Ақын Дәурен Берікқажыұлы 2013 жылы өткен бір есте қалған оқиға туралы естелігімен бөлісті. Оның айтуынша, сол жылы Алматыда үш бидің құрметіне арналған «Сүйер ұлың болса, сен сүй» атты айтыс өткен. Шараны «Алтын Қыран» қайырымдылық қоры қолдаған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
— Сол кезде мен аталған қордың өкілі ретінде айтысқа қатыстым. Бәрі жақсы өтіп жатқан, алайда дау Ринатқа байланысты шықты. Қазылар алқасы оған жоғары баға бермеген соң, залда отырған көрермендер шу көтерді. Тіпті сахнаға бөтелке лақтыра бастағандар болды, — дейді ақын.
Оның айтуынша, жағдай ушығып кеткен соң айтыстың ұйымдастырушысы Жүрсін Ерман көрерменнің ашуын басу үшін үзіліс жариялаған.
— Біз бір бөлмеде жиналып, не істеу керек деп ақылдастық. Сол сәтте халықтың ашуын басу мәселесі талқыланды. Сонда Бекболат Тілеухан: «Жүке, мына көрермендердің бәрі ауру, осылардың айтқанына көну керек пе? Бұлар жынды ғой! Бұдан кейін айтыс өткізсең, милиция әкеліп қой!» – деп қатқыл айтты. Ал халықты сабырға шақыру қажет деген ұсынысты сол кезде Мұхамеджан Тазабек айтқан болатын, — деп еске алады Берікқажыұлы.
Ақын бұл оқиғадан кейін кейбір тұлғаларға көзқарасы өзгергенін де жасырмады.
— Сол сәтте мен Мұхамеджанға риза болдым, ал Бекболаттың сөзіне қатты ренжідім. Кейін бәрінің бетпердесі ашылды. Олар ел алдында бір сөйлейді, ал жабық есік артында мүлде басқа адамға айналады, — дейді ол.
Дәурен Берікқажыұлының айтуынша, сол айтыстағы қаржылай жүлде де әділ бөлінбеген.
— Бас жүлде алған Балғынбекке меценат Исламбек Салжанов 40 мың доллар тағайындаған еді. Алайда кейін ақынға соның тек 12 мыңы ғана берілген, — дейді ол.
Ақынның бұл естелігі желіде қызу талқыланып, айтыс сахнасындағы ішкі жағдайлар туралы жаңа пікірталас туғызды.

