Фото: ТАСС
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков КСРО мемлекеттік қауіпсіздік қызметі және большевизм қозғалысымен байланысты әулеттен шыққан. Бұл туралы Ресей билігіндегі туыстық байланыстарды әшкерелейтін «Проект» басылымының жаңа зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Материалда Песковтың өз тегін ондаған жылдар бойы жасырып келгені жазылған. Ресми өмірбаянында ол тек кеңес дипломаты Сергей Песковтың ұлы ретінде көрсетілген, ал анасы жайлы еш дерек келтірілмейді.
Шын мәнінде, оның анасы — Надежда Зевина, кеңестік номенклатура өкілі, 1918 жылы атылған 26 бакиндік комиссардың бірі Яков Зевиннің немересі. Яков Зевин қаза тапқаннан кейін оның жесіріне Лениннің өзі Мәскеуден пәтер берген.
Ал Песковтың арғы әжесі Надежда Крупскаямен бірге Халық ағарту комиссариатында қызмет етіп, Қызыл Армия қатарындағы партия мүшелерін тазарту жұмыстарына қатысқан.
Кейіннен оның ұлы, яғни Песковтың атасы Марксизм-ленинизм институты директорының орынбасары қызметін атқарған. Ал анасы, журналистердің болжамынша, кеңестік арнайы қызмет органдарында жұмыс істеген болуы мүмкін.
Дмитрий Песковтың әкесі Сергей Песков Азия және Африка елдері институтын тәмамдап, көп жылдар бойы Таяу Шығыста қызмет еткен. Ресми түрде ол «достық қоғамдарында» жұмыс істеген, бірақ бұл ұйымдар суық соғыс кезінде кеңес агенттері үшін жиі қолданылған бүркемелеу болған.
Зерттеу мәліметінше, Дмитрий Песковтың мансабы да туыстық және неке байланыстарының арқасында өрбіген. Оның алғашқы жұбайы — маршал Семён Будённыйдың немересі болған. Бұл неке жас дипломатты шетелдік іссапарға жіберуге мүмкіндік берген.
«Ажырасқаннан кейін Песков екінші рет ресейлік дипломаттың қызы Екатерина Солоцинскаяға үйленеді. Әйелінің әкесі кейін оны Кремльде жұмыс істеуге ұсынған. Сол уақыттан бастап Песков Владимир Путиннің ішкі шеңберінің мүшесіне айналып, президенттің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалған»,—делінген хабарламада.

