Фото: Todayinfo.kz
Елорда төріндегі министрліктер үйінің алдында баласы әскерде қаза болған бір топ ана митинг өткізіп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Марқұм сарбаздардың аналары қазарма, асхана, дәліз, оқу залы сияқты барлық аумақтар бейнебақылауда болуын талап етті.
– Жазбаларға ата-аналар мен қоғамдық бақылау өкілдері қол жетізе алсын. Бейнежазбаны жасыру немесе жою – қылмыстық жауапкершілікке әкелсін, – дейді митингіге шыққан аналар.
Сонымен қатар, олар әскерге шақыру жасы қайта қаралуын талап етті.
— 18 жастан шақыру тоқтатылсын. Қызметке тек 25 жастан жоғары, өз еркімен келісімшарт негізінде келетін азаматтар қабылдансын, – дейді аналар.
Сондай-ақ олар әскери техника мен құрал-жабдық жаңартылуын сұрады.
— Барлық әскери бөлімдер заманауи техникамен және оқу-жаттығу құралдарымен толық қамтамасыз етілсін. Ескі немесе жарамсыз құралдар уақытылы ауыстырылып, қауіпсіздік пен тиімділігі қамтамасыз етсін, – дейді талап қойған аналар.
Аналар ҚР Конституциясының 1-бабы: «Адам өмірі – ең жоғары құндылық» және 12-бабы: «Әр адам өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға хақылы» қағидаларына сүйене отырып:
Әскери қызмет кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болған сарбаздардың отбасына өтемақы мемлекет тарапынан міндетті түрде төленсін.
Өтемақы әділ, тең және әр жағдайда жеке қарастырылып, қоғам өкілдері мен ата-аналардың қатысуымен анықталсын.
Мемлекет әр сарбаздың өмірін қорғауға міндетті болып, келісімшартқа арнайы «Өмір мен денсаулықтың кепілді сақтандыру» бабын енгізсін.
Бұл өтемақы қоғамдық әділеттілік пен мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігінің көрінісі ретінде қарастырылсын, деген талап қойды.

