Фото: baq.kz
Абай облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтіп, саланы дамыту бойынша нақты тапсырмалар берген еді. Осы бағытта өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 339,5 млрд теңгегежетіп, нақты көлем индексі 102,8% болды. Оның ішінде мал шаруашылығының үлесі басым — өндіріс көлемі 209,7 млрд теңгені құрады, өсім 105% деңгейінде.
Саланы қолдауға биыл 15,1 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде:
-
өсімдік шаруашылығына – 2,5 млрд теңге,
-
мал шаруашылығына – 4,8 млрд теңге,
-
қаржы құралдарын субсидиялауға және қайта өңдеуге – 7,8 млрд теңге бағытталды.
Бұдан бөлек, көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін науқандарын қаржыландыру үшін шаруаларға «Кең дала» бағдарламасы аясында 9,5 млрд теңге берілді.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыста 101 мың тонна ет (өсім 5%) және 248,4 мың тонна сүт (өсім 6%) өндірілді. Шаруалар биыл 446 жаңа техника сатып алып, ауыл шаруашылығы техникасының жаңару деңгейін 5,1%-ға жеткізді.
Егіс жұмыстары 782,1 мың гектар жерге жүргізілді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында дәнді дақылдар көлемі 12 мың гектарға азайып, есесіне жоғары табысты майлы дақылдар егісі 42,5 мың гектарға ұлғайды.
Қазір облыста 113,4 мың гектар суармалы жердің 31,6 мың гектары (27,8%) тиімді пайдаланылуда. Су үнемдейтін технологиялар енгізілген алқап көлемі 22,1 мың гектарға жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,3 мың гектарға көп.

