Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихаты мәселесінің елімізде бес жылдан бері қызу талқыланып келе жатқанын атап өтті. Депутат өз сөзінде бұл тақырып бойынша бірнеше рет сауал жолдап, мәселені толық қарастырғанын айтты, деп хабарлайды Todayinfo.
Оның айтуынша, белгілі бір топ ұлттық киіз үйде қоғамдық тәртіпті бұзып, ұлттық құндылықтарға нұқсан келтірген. Сонымен қатар, мектептерде заңсыз пропагандалық әрекеттер жүргізілген. Депутат өзіне және әріптестеріне ақпараттық шабуыл жасалғанын, жеке басына қысым көрсетілгенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілер арқылы қоғамға азғындыққа үндеп, сексуалдық қарым-қатынасты ашық насихаттау жұмысын жүргізіп жатыр. Ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған әрекеттер шетелден қаржыландырылуда», — деді Еділ Жаңбыршин.
Депутат қоғамның үнсіз қалмағанын да атап өтті. Былтыр белсенділер мемлекеттік E-petition.kz платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялап, заңды түрде 50 мың қол жинаған. Арнайы зерттеу нәтижесі бойынша, ЛГБТ насихаты жасөспірімдердің психикасына теріс әсер етеді.
Сонымен қатар, халықаралық стандарттар да мемлекеттерге балаларды зиянды ақпараттан қорғауды міндеттейді. БҰҰ-ның Бала құқықтары конвенциясы мен 2022 жылғы Женева декларациясы ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі отбасы институтын сақтауға құқық беретінін көрсетеді.
«Біздің заң нормаларымыз адам құқығын шектеуге емес, дәстүрлі отбасылық институтты қорғауға, балалар мен жасөспірімдерді деструктивті идеологиядан сақтауға бағытталған. Дербес мемлекеттің ішкі ісіне араласуға ешқандай ұйымның құқығы жоқ», — деп түйіндеді Еділ Жаңбыршин.
Фото: gov.kz

