Фото: Өмірбек Қанайдың FB парақасынан
Ғылым саласында еңбектеніп жүрген тарихшы, аудармашы, жас ғалым Өмірбек Қанай Жошы ұлысының даңқты билеушісі Әз Жәнібек ханға (?-1357) арналған бұрын белгісіз болып келген тағы бір құнды қолжазбаны анықтағаны жөнінде хабарлады, деп жазады Todayinfo.kz ақпарат порталы.
Ғалымның айтуынша, бұл еңбек медицина тақырыбына арналған және Жошы ұлысы аумағында жазылған. Қазірге дейін оның Англия мен Иранда сақталған екі нұсқасы табылып, толық электронды көшірмелері алынған.
Англиядағы нұсқа бойынша, шамамен 1345–1349 жылдары жазылған. Барлығы 464 беттен тұрады.Алғашқы бетінде еңбек «Хақан бин әл-хақан, Сұлтан Махмұд Жәләл-әд-дүния уә-әддин Жәнібек ханға» арналғаны көрсетілген. Онда Әз Жәнібек хан «жомарттық пен ізгіліктің жаршысы, білім мен ғалымдардың қамқоршысы, құдайдың жердегі көлеңкесі» деп сипатталады.
Ирандағы нұсқа бойынша XVII ғасырда қысқартылып көшірілген. Көлемі 144 бет. Екінші бетінде еңбектің Әз Жәнібек ханға арналуы қайта жазылған.
Тарихшының айтуынша, қолжазба ежелгі грек дәрігері Гиппократтың еңбегіне жасалған түсіндірме (шарх) болып табылады. Бұл – Жошы ұлысында ортағасырлық классикалық ғылымның кең таралғанын және медицина саласының жоғары деңгейде болғанын дәлелдейтін маңызды дерек.
Еңбектің жазылу мерзімі 1346–1353 жылдардағы Орталық Азиядан Еуропаға дейін жайылған оба індетімен тұспа-тұс келуі де ерекше назар аударарлық жайт. Бұл дерек індет кезеңіндегі медициналық білімді зерттеу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Өмірбек Қанайдың айтуынша, Әз Жәнібек ханға арналған қолжазбалар саны қазір 9-ға жеткен. Солардың 189 көшірме нұсқасы жинақталған.
Қолжазбалардың ең құнды екі нұсқасы факсимилді басылым ретінде жарық көрді, ал тағы бір нұсқаның аудармасы толық аяқталып, баспаға дайындалуда. Жақын уақытта ғылыми ортаға ұсынылатын болады.

