Фото: видео скриншот
Желіде GT Oil Service компаниясы басшысының қызметкерлерге дөрекі әрекеті тағы да дау тудырды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жайт туралы журналист Диас Нұрақын әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, GT Oil Service компаниясының басшысы қарамағындағы жұмысшыларға тағы да оғаш қылық танытып, көпшілікті ашуландырған жаңа видео тараған.
Желі қолданушылары Сабдалиновтың әрекетін сынға алып, «түрме емес қой», «бұлай басынуға жол беруге болмайды», «жауапқа тарту керек» деген пікірлерін жаудырды. Кейбіреулер тіпті жұмысшылардың тым езулігіне таңғалып, «обал-ай, неге ешкім қарсы сөз айтпайды?» деп жазған.
Көпшілік бұл жағдайды тек еңбек этикасының бұзылуы емес, жүйелі мәселеге айналған басшылық озбырлығы деп бағалап отыр.
Айта кетейік, GT Oil Service — мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсететін қазақстандық компания. Негізгі бағыты — өндірістік қолдау, техникалық қызмет көрсету және жұмысшыларды вахталық әдіспен қамтамасыз ету.
Соңғы уақытта компания аты жиі теріс контекстте айтылып жүр: қызметкерлердің құқықтарының бұзылуы, жұмыс жағдайына қатысты шағымдар және басшылықтың дөрекі қарым-қатынасы туралы бірнеше оқиға желіде тараған.

