Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары және Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көшіру туралы Декларацияға қол қойылуы – бұл тек екіжақты саясаттағы ғана емес, сонымен қатар дипломатияның жаңа түрі – Дипломатия 2.0 эволюциясындағы да бетбұрыс кезеңі болды.
Жақын уақытқа дейін Мәскеу қазақстандық мемлекеттілікке күмән келтіруге, аумақтық тұспалдар жасауға және ашық қоқан-лоққы көрсетуге дейін баратын. Енді бұл риторика қарама-қарсы бағытқа өзгерді: Путин Қазақстанды одақтас әрі мейірімді көрші деп атаса, Соловьев, Симонян және Кремльдің басқа да рупорларының үні айқын құрмет көрсету деңгейіне дейін жұмсарды.
Бұл метаморфоза кездейсоқ емес. Бұл – Астананың соңғы жылдары жүйелі түрде құрып келе жатқан терең ойластырылған стратегиясының жемісі.
«Мемлекет басшысының Ресейге жасаған мемлекеттік сапары, әсіресе хаттамалық бөлігінің деңгейіне, құрмет қарауылына, туларға, кездесулер форматына және т.б. қатысты көптеген пікірталас тудырды. Мәскеу Президенттің Вашингтонға сапарынан кейін өз хаттамасын «қайта құрды» деген пікірлер пайда болды. Жеке өзім бұған онша сенбеймін.
Біріншіден, хаттама жағынан Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарлары әрқашан ең жоғары деңгейде өтеді, сондықтан бұл Мәскеуге ғана тән ерекшелік емес. Бұл, керісінше, Қазақстанның халықаралық беделінің өсуін және жаһандық аренада елімізге деген құрметті көрсетеді. Кездесулердің сипаты, форматы мен деңгейін біздің өз хаттамамыз сапарлардың мәртебесі мен мақсаттарына сүйеніп анықтағанына сенімдімін» дейді саясаткер Кочйигит Ж.
Жаңа тәсіл: «Текстуралық ойлау»
Қазақстандық жаңа буын дипломатиясы ескі «тепе-теңдікті сақтау» және «бірдей қашықтықта ұстау» схемасынан бас тартып, текстуралық ойлауға көшті. Бұл – сыртқы саясаттың әрбір бағыты барлық ойыншылармен өзара тәуелділіктің көпқабатты желісіне тоқылған мағыналық архитектураны құруды білдіреді.
Президент Тоқаев пост-жаһандық дипломатияның сәулетшісі ретінде әрекет етуде. Ол жұмсақ, бірақ ішкі өзегі мықты ұстанымды басынан бастап көрсетті. Мысалы, Санкт-Петербург форумында халықаралық аудитория алдында ДХР мен ЛХР-ды мойындамау принциптерін нақты негіздеп берді.
Ол ұлы державалармен дауласпайды, керісінше, әңгімені өзара құрмет пен мәдени жады тіліне аударады. Оның Грановит палатасында айтқан «Құдай қосқан көрші» деген сөзі – бағыну риторикасы емес, бұл – тарих пен география моральдық капиталға айналатын киелі көршілестіктің декларациясы.
Кочйигиттің пікірінше: «Қазақстан өз сыртқы саясатын құруда әрқашан көпвекторлылық қағидатын ұстанып келді. Бұл – тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біздің ұлттық стратегиямыздың түпқазығы. Дегенмен, әлемдік державалар арасында тепе-теңдікті сақтау және олардың мүдделері арасында икемділік таныту (маневр жасау) бір күш орталығына қосылудан әлдеқайда көп күш-жігерді талап ететінін түсіну маңызды.
Бірақ шынайы көпвекторлылық «аралықта» қорғаныс стратегиясымен шектелмейді. Ол нақты субъектілікті, біздің кім екенімізді, не қалайтынымызды және қайда ұмтылатынымызды анық түсінуді талап етеді. Біреу бағыттаған жаққа емес, өзіміздің жеке векторымызды таңдап қозғалуды қажет етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан бүгінде соңғы жылдардағы халықаралық қатынастар үшін сирек кездесетін және шынымен құнды қасиетті – саналы субъектілікті көрсетіп отыр. Дәл осы қасиет бізге стратегиялық артықшылықты қамтамасыз етеді. Соның арқасында Қазақстан күш орталықтары арасында жай ғана тепе-теңдікті сақтайтын ел болудан арылып, аймақтық процестерге ықпал ете алатын, диалогты бастамашыл ететін және күн тәртібін қалыптастыратын орташа державаға айналуда.»
Шынайылық – жаңа валюта
Дипломатия 2.0 қорқынышқа немесе идеологияға емес, объективті шындыққа және ұтымды эмпатияға негізделген. Позицияларының әртүрлілігіне қарамастан, Тоқаев пен Путин бүгінгі таңда сирек кездесетін нәрсені – иллюзиясыз өзара құрметті көрсете білді.
Енді Путин (2025 жылға дейін ықпал ету объектісі ретінде қараудың белгілерін көрсетсе де) Қазақстанды ықпал ету объектісі емес, Орталық Азиядағы тұрақтылықтың кепілі ретінде көреді. Тоқаев, өз кезегінде, ресейлік орбитадан алшақтамайды, бірақ оған сіңіп те кетпейді. Ол Ресейге қамқоршы болуды емес, өз мүдделері мен мүмкіндіктерінің шекарасын түсінетін кемелденген мемлекеттер одағы ретінде парасатты әріптестік құруды ұсынады.
Бұл шынайылық – декларативті емес, жұмыс істейтін сенімнің жаңа формасы. Мұнда күш көрсетудің қажеті жоқ: тек субъектілікті көрсету жеткілікті. Дәл осылайша мағыналар дипломатиясы күш дипломатиясын жеңіп шықты.
Саясаттанушының пікірінші: «бізді бұл жағдайға не жеткізді деген сұрақ туындайды. Мен өзімнің талдамалық көзқарасымды баяндап көрейін.
Мұнда мен факторлардың екі тобын бөліп көрсетер едім. Біріншіден, объективті сыртқы жағдайлардың нәтижесінде пайда болған және бізге тікелей тәуелді болмаған факторлар. Екіншіден, біздің өзіміздің саяси ерік-жігеріміздің, кемелденуіміздің және сәтті пайдалана білу қабілетіміздің көрінісі болған факторлар.
Бірінші топты ашып айтар болсақ, Қазақстан үшін бірегей мүмкіндіктер терезесін ашқан объективті геосаяси факторлар болды. Жаһандық әлемдік тәртіптің күрт қайта құрылуы, әлемдік күш орталықтары арасындағы қақтығыстар, ықпал ету жобаларының бәсекелестігі, Еуразияның көлік-энергетикалық торап ретіндегі маңыздылығының артуы және т.б. – осының бәрі Орталық Азияның стратегиялық маңызын объективті түрде күшейтті. Өйткені, халықаралық қатынастар жүйесі қайта құрылған кезде, мүдделер тоғысында орналасқан орташа державалар икемділік (маневр) үшін өз ресурстарын арттыруға мүмкіндік алады. Қазақстан бұл мүмкіндікті пайдаланды.
Дегенмен, менің ойымша, біздің ішкі, субъективті өзгерістеріміз маңызды рөл атқарды. Бұл жерде әңгіме ұлттық өзіндік сана-сезімнің трансформациясы туралы болып отыр. Біз әлемдік гегемондармен қарым-қатынаста шартты түрдегі «жағдайларға бағынышты» және «кіші бауыр» ұстанымынан біртіндеп шығып, өз еркі, өз мүддесі және өз жауапкершілігі бар мемлекет ретінде сөйлей бастадық. Біз ұлттық кемелдену процесінен өтіп жатырмыз деп айтуға болады» екен.
Постимпериялық транзиттің қазақстандық моделі
Аумағы мен әлеуеті жағынан салыстыруға келмейтін армиясы болмаса да, екі ядролық державаның ортасында орналаса отырып, Қазақстан посткеңестік кеңістікте ешкімнің қолынан келмеген нәрсеге қол жеткізді.
Ол Мәскеудің империялық риторикасын бәсеңдетті, Батыспен және Шығыспен қарым-қатынастың симметриясын сақтап, оны күшейте түсті. Нәтижесінде Пекин, Вашингтон және Брюссельде тыңдалатын еуразиялық медиатор деңгейіне көтерілді.
Қазақстан Ресейден бас тартпады және оған бағынбады. Ол қарым-қатынасты постимпериялық вертикальдан пост-жаһандық горизонтальға ауыстырып, трансмутациялады (түрлендірді). Бұл – жұмсақ күш пен мәдени кемелдік әскери немесе экономикалық альянстардан да күшті тұрақтылықты қалыптастыратын өркениеттік серпіліс.
Екі түрлі таңдау: Трансмутация және теріске шығару
Бүкіл әлем бүгінде постимпериялық транзиттің бірегей қазақстандық феноменін көрді. Бұрынғы одақтас республикалардың ешқайсысы метрополиямен қарым-қатынасты апатсыз, бірақ сонымен бірге бағынусыз, осындай ұтымды жолмен рәсімдей алмады.
-
Егер Грузия, Молдова және Украина теріске шығару моделін (наразылық, антагонизм және қатынасты үзу арқылы) құрса,
-
Қазақстан трансмутация моделін – империялық мұраны өз егемендігінің ресурсы ретінде қайта өңдеуді – қолданды.
Теріске шығарудың орнына мағыналық конверсия жүзеге асырылды. Кеңестік өткен жұмсақ, бірақ дәйекті түрде жаңа субъектілік өзін-өзі анықтау негізінде ұлттық бірегейлікке интеграцияланды. Қазақстан «Мәскеуден кеткен жоқ», ол қарым-қатынасты идеологиялық деңгейден өркениеттік деңгейге, «орталық пен шет» форматынан «көршілік пен серіктестік» форматына ауыстырды. Бұл – наразылық актісі емес, мәдени және өркениеттік кемелдену актісі.
Тепе-теңдік өнері
Назарбаев пен Тоқаев «географиямен күресуге болмайды, оны тек жаңа идеялармен және мазмұнмен байыта отырып, мағынасын ашуға болады» деген қарапайым қағидатты ұстанды. Тәуелсіздік бойы Қазақстан Ресейге антагонист болған жоқ, бірақ оның төреші болып қалуына да жол бермеді.
Грузия, Молдова және Украинада постимпериялық азаттық трагедия мен әскери қақтығыс арқылы өтті. Олардың нарративі қайғы мен жоғалтуға негізделген. Ал Қазақстан өз нарративін империялық тәжірибені, түркілік бірегейлікті және пост-жаһандық ойлауды саналы түрде біріктіруге – мәдени текстураға құрды.
Егер Украина өз бірегейлігін Ресейді жоққа шығару арқылы құрса, Қазақстан – Ресейді күш орталығынан мағыналық көршіге айналдыру арқылы құрады.
Нәтижесінде, Қазақстан постимпериялық тәуелсіздіктің жарылыс емес, тарихты саналы түрде текстуризациялау формасы бола алатынын дәлеседі. Жоққа шығару да, мойынсұну да емес, керісінше, өзара тоқу, қайта өңдеу және түрлендіру.
Бұл – халық өткенді жойып жібермей, оны болашақтың іргетасына айналдыратын және бостандыққа қақтығыс арқылы емес, ойластырылған тепе-теңдік арқылы келетін метрополиямен қоштасудың шынайы моделі. Поликризис дәуірінде Қазақстан басқаларға әлемді тепе-теңдікте ұстау өнерін үйретуде.

