Қазақстанның даңқты боксшысы Геннадий Головкин 43 жасында мансабын туған елінде аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ол Asia Boxing президентінің міндетін атқарушы Пичай Чунхаваджирамен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Менің өмірім – бокс. 43 жастамын, бірақ спорттан әлі қол үзбедім. Тағы бір жекпе-жек өткізу ойымда бар. Оны міндетті түрде Қазақстанда өткізгім келеді», – деді GGG.
Головкиннің соңғы жекпе-жегі 2022 жылы Сауль «Канело» Альвареске қарсы өтіп, төрешілер шешімімен мексикалық боксшы жеңіске жеткен еді. Сол уақыттан бері GGG рингке шыққан жоқ.
Қазір Геннадий Головкин Халықаралық World Boxing федерациясының президенті қызметіне кандидатурасын ұсынып отыр. Сонымен қатар ол World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясын басқарады және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті. Осылайша, GGG әлемдік бокс менеджментіндегі ең ықпалды тұлғалардың біріне айналды.
Головкин – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылғы Олимпиада күміс жүлдегері, 2003 жылғы әлем чемпионы. Кәсіби мансабында IBF, IBO және WBA белбеулерін иеленіп, қатарынан 23 қарсыласын нокаутқа түсіріп, Гиннестің рекордтар кітабына енген.

