Фото: gov.kz
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті өз қызметін Президент жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жүргізіп келеді. Бұл бастама азаматтардың пікірі мен өтініштеріне жедел, әділ және ашық жауап беруді мақсат етеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің басты қағидаттарының бірі – халыққа бағытталған жұмыс. Әрбір азамат мемлекеттік қызметтің толыққанды тұтынушысы ретінде қарастырылып, оның сұранысына сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге басымдық беріледі. Бұл тәсіл бюрократиялық кедергілерді азайтуға және өтініштерді қарау барысында артық әуре-сарсаңға жол бермеуге мүмкіндік береді.
Департамент қызметінің негізгі міндеті – тұрғындардың құқықтарын қорғау, ал қажет болған жағдайда бұзылған құқықтарын қалпына келтіру. Түсетін әрбір арыз-шағым мұқият қаралады. Егер өтініш заңды әрі негізді деп танылса, азаматтың құқығын қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылданып, тиісті органдарға ұсынымдар жолданады.
2024 жылы Департамент 29 қызмет алушының, ал биылғы жылы 22 азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге ықпал еткен. Шағымдардың басым бөлігін жер қатынастарына байланысты мемлекеттік қызметтер құрайды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы және автокөлік жүргізу салаларында да құқықтары шектелген тұрғындарға көмек көрсетілген.
Мәселен, бір азамат жер учаскесін рәсімдеу барысында ақпараттық жүйедегі қате деректерге байланысты ұзақ уақыт бойы мәселесін шеше алмаған. Департаменттің араласуымен жүйедегі олқылық түзетіліп, жер телімі ресми түрде тіркелді. Басқа бір жағдайда техникалық ақаулар жүргізуші куәлігінің қажетті санатын алуға кедергі келтірген. Тиісті органдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде мәселе шешіліп, азамат жаңа куәлігін алды.
Соңғы жылдары Департамент қашықтан бақылау механизмін белсенді қолдануда. Ақпараттық жүйелерге онлайн қолжетімділік қызметтердің сапасы мен мерзімінің сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданып, азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп келеді.
2024 жылдың өткен кезеңінде қашықтан бақылау нәтижесінде 98 азаматтың құқығы қорғалды. Мысалы, Е-лицензиялау жүйесінде жер мәселесіне қатысты қызмет мерзімінің өтіп кеткені және азаматқа мүлде жауап берілмегені анықталған. Департаменттің араласуынан кейін бұл кемшілік жойылып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір аудандық жер комиссиясының уақытылы жиналмауы салдарынан 18 өтінім бойынша негізсіз бас тарту тіркелген. Мониторинг қорытындысынан кейін бұл өтінімдер қайта қаралып, тиісті шешімдер берілді.
Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылауды күшейтіп, азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Мұрат Сейілбекұлы Байсалов,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

