Фото: qazaqadebieti.kz
Белсенді Абзал Достияр қазіргі қазақ қаламгерлерінің қоғам алдындағы рөлін қатты сынға алды. Оның айтуынша, журналист Мирболат Мырзатайұлының қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені үшін 4 жылға сотталуы — «зиялы қауымның үнсіздігіне берілген айқын баға». Бұл туралы Todayinfo.kz хабарлайды.
Абзал Достияр әлеуметтік желідегі жазбасында елдегі саяси тұтқындар мәселесі ушығып бара жатқанын атап өтіп, Мирболат Мырзатайұлына шыққан үкімнің әділетсіз екенін қатаң сынға алған. Ол «сүмелек» сөзінің мағынасына тоқталып, қазіргі кейбір қаламгерлердің әрекеті (немесе әрекетсіздігі) дәл осы ұғымға сай келетінін айтады.
«Мирболат ешкімге қол көтерген жоқ, ештеңені бүлдірген жоқ, ешқандай да жанжал туындаған жоқ. Бірақ соған қарамастан, оны тіл мәселесін көтергені үшін соттады. Ал біздің жазушылар әділдік туралы ауыз ашпай отыр. Сол үшін оларды ‘сүмелек’ деуге толық негіз бар», — дейді белсенді.
Белсендінің айтуынша, Жазушылар одағының жүздеген мүшесі елдегі саяси қуғын-сүргінге, белсенділердің қамауға алынуына көз жұма қарап отыр.
«Мыңға жуық мүшесі бар Одақ Думан мен Әйгерім, Марат секілді саяси тұтқындар түрмеге қамалғанда үндемей қалды. Ешкім араша түскен жоқ», — деп жазды ол.
Сонымен бірге ол жаңа төрағаның «Жазушылар оппозиция болмауы тиіс» деген пікірін және Қосановты кеңесші етуін «қаламгерлердің беделін түсіретін шешім» деп бағалап, сатқындыққа теңеді.
Абзал Достиярдың жазбасында қаламгерлердің екіжүзділігі, шындықты айтудан қашуы, қазақ тілінің тағдыры сынға түскен сәттерде үнсіз қалуы ерекше атап өтіледі.
«Қазақ тілінің мәселесі күн тәртібінде тұрғанда, неге тілі шықпайды? Марапат алуға келгенде жарысады, ал әділет туралы сөз болса — бәрі жоқ. Сендер үнсіз отырсаңдар, елдің тозуына да, биліктің шектен шығуына да тікелей үлес қосып отырсыңдар», — деп жазады белсенді.
Алматылық белсенді және блогер Мирболат Мырзатайұлына Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, істің саяси сипаты барын бірнеше рет айтқан.

