Бүгін, 18 қарашада Алматы қаласындағы Resident City қонақ үйінде «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» тақырыбында VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы өз жұмысын бастады. Екі күнге созылатын ауқымды шара түркі әлемінің медиа сарапшыларын, журналистер одақтарының басшыларын және БАҚ өкілдерін бір алаңға жинады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы.
Форумның ашылу салтанатында «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызы, «Шеврон» компаниясының, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Олар мұндай басқосудың түркі халықтары арасындағы ақпараттық және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
Форумның бірінші күні төрт негізгі сессияға арналды:
«Медиа және мәдени бірегейлік»: Бұл сессияда Қырғызстан Журналистер Одағының төрағасы Илязбек Балташев, Әзірбайжан Журналистер одағының төрағасы Эльчин Шихлы және Еуропа елдерінен (Германия, Нидерланд) келген сарапшылар цифрлық кеңістікте біртұтас ақпараттық алаң құру, аймақтық қауіпсіздіктегі медианың рөлі және Еуропадағы түркітілдес хабар таратудың жай-күйі туралы ой қозғады.
«Түркі елдері арасындағы цифрлық көпір»: PR және коммуникация мамандары Түркия, Өзбекстан және Қазақстанның тәжірибесі негізінде «ТҮРКІ» брендін әлемдік аренада ілгерілету, мәдени мұраны насихаттау және дағдарысқа қарсы коммуникациялар стратегияларын талқылады.
«Медиабизнестегі тұрақтылық пен инновациялар»: Бұл отырыста Өзбекстан және Қазақстан медиаменеджерлері басылымдардағы кіріс көзін әртараптандыру (жазылым, донат, гранттар), ресурстары шектеулі БАҚ-ты тиімді басқару және ақпаратты табыс көзіне айналдыру жолдарымен бөлісті.
«Жаңа дәуір шындығы: БАҚ-тағы жасанды интеллект»: Форумдағы ең өзекті тақырыптардың бірі жасанды интеллектке (AI) арналды. «Deutsche Welle» (Германия) телеарнасының өкілі Эркан Арыкан AI көмегімен жасалған жалған видеоларды (deepfake) анықтау тәжірибесін ұсынды. Сондай-ақ, қазақстандық IT мамандар Мадина Мансұрова мен Қанат Есіркепов БАҚ-қа арналған AI-ассистенттер және контент дайындауда ЖИ-ді пайдалану туралы баяндама жасады.
Форумның бірінші күні қорытындыланып, арнайы қаулы қабылданады деп жоспарлануда. Кешке «Шеврон» компаниясымен серіктестікте ұйымдастырылған «Әлеумет – қоғам айнасы» және Halyk Bank серіктестігіндегі «Еркін сөз»-2025 байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.
Ертең, 19 қарашада форум жұмысы «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбындағы семинар-тренингпен және БАҚ өкілдері арасындағы «Тоғызқұмалақтан» ұлттық ойын жарысымен жалғасады.

