Фото: egemen.kz
Елімізде 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап коммуналдық тарифтер инфляция деңгейіне сәйкес көтеріледі. Бұл туралы премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Бұған дейін Үкімет 2026 жылғы 1 тоқсанның соңына дейін коммуналдық тарифтерді өсіруге мораторий жариялаған. Осы уақыт аралығында мемлекет табиғи монополия компанияларына кешенді тексеріс жүргізіп, олардың бұрын алған инвестициялық міндеттерін дұрыс орындаған-орындамағанын қарайды.
«2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап тарифтерді көтеру инфляцияның таргеттелген деңгейімен байланысты теңдестірілген түрде жүзеге асырылады. Халықтың осал топтары үшін атаулылық бағытын күшейтіп және оны аса мұқтаж санаттарға көрсете отырып, тұрғын үй көмегін көрсету тетігі сақталады», — деді Жұманғарин Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, 2026-2028 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бойынша 30 мың км инженерлік желілерді жөндеу үшін шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Табиғи монополия субъектілерінің қызметтеріне тарифтердің инфляцияға жыл сайынғы салымы 1,0 пайыздық тармақтан аспайды.
Ол макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026 – 2028 жылдарға арналған бағдарлама туралы баяндады.

