Фото: kino-teatr.ru
Театр және кино актері Еркебұлан Дайыров “Dope soz” подкастына берген сұхбатында Қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Актер Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға шықпай, үйінде отбасын қорғап отырғанын ашық айтты. Оның сөзінше, трагедия кезінде алаңға шығу мақтанатын дүние емес.
“Барды бар, жоқты жоқ деп айту керек. Қаңтар оқиғасы кезінде алаңда болмадым деп ар санаудың немесе, керісінше, ерлік санаудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Өйткені ол жерде менің достарым, таныстарым қайтыс болды. Ешқандай мақтанатын дүние емес. Бұл трагедия, болды. Балам менен “Қаңтар оқиғасында қайда болдың?” деп сұраса, мен “Сендердің жандарыңда болдым, сендерді де қорғайтын адам керек” деп айтар едім. Мен отбасымды қорғадым, үйде мылтықпен отырдым. Маған алаңдағы айғай-шудан көрі, отбасымның амандығы бірінші орында тұрды. Мен сол үшін үйде қалдым, менің қаңтарым үйде болды. Басқа не істей аламыз?”, – деді ол.
Өнер иесі қақтығыс кезінде құқық қорғау органдарының аспанға оқ атып жүргенін айтып, қандай жағдай болмасын отбасын қорғау әрбір ер азаматтың басты міндеті екенін жеткізді.
“Құқық қорғау органдарының өзі үйіміздің алаңында аспанға оқ атып жүрді. Менде шартты дүние, рефлекспен қаруыма жармастым. Қорғау керек. Құқық қорғау органдарымен қырыламын ба, қазақ бауырларыммен бе? Білмеймін. Бірақ қайсысын болса да отбасыма жақындатпас едім. Қаңтар кезінде алаңға шығып-шықпағаныңды тізімге белгілейтін дүние емес. Балама “Керек емес, сен де барма” деп айтар едім”, – деді актер.

