Фото: abai.kz
Желіде жазушы Аягүл Мантайдың сөздері қайта тарады. Ол адамның аштыққа да, ауыр жұмысқа да шыдай алатынын, бірақ махаббат пен мейірімнің жоқтығы жанды ең қатты қажытатынын жазады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Күн сайын жүз адам «әдемісің», «ақылдысың», «талантсың» десе де, жүрегі қалаған адамның «махаббатым» деген бір ауыз сөзіне жетпейді», — деген ойы көптің жүрегіне тиді.
Аягүл Мантайдың айтуынша, әкенің қызына айтқан жылы сөзі, мейірімі — оның болашақ өміріне берілген ең үлкен тірек.
«Бала кезіңде әкеңнің: “Менің қызым әдемі, ақылды” деп айтуы — сенің жүрегіңді махаббатқа дайындайды. Ондай махаббат адамды әлемге ашық қылады, айналасына жанашыр етеді», — дейді жазушы.
Автордың пікірінше, әке махаббатын көрген қыз болашақта жолықтырған адамын да сол сезімге бөлей біледі.
Жазушы махаббатты күтіп жүріп қажыған, көңілі қарайған әйелдер туралы да жазады.
«Көптеген сұлу, ақылды, өжет әйелдер сүйгенінің сатқындығынан, опасыздығынан қатайып кетті», — дейді ол.
Автор әйелдерді үш топқа бөліп қарастырады:
-
сезімі көп, ақылы аз;
-
сезімі аз, ақылы көп;
-
сезімі мен ақылы қатар дамыған әйелдер.
Осы соңғы топтағы әйелдердің өмірі ең күрделі екенін айтады.
«Махаббатсыз өмір сүре алатындар бар. Оларға өмір жеңіл. Ал жүрегі тек махаббатпен тыныс алатындар бар — соларға ең қиын», — дейді Аягүл Мантай.
Оның сөзінше, махаббатын күте-күте жалғыз қалған, тіпті өмірден солай өтip кеткен әйелдер де жетерлік.
Жазушы махаббат жолында қателесу — табиғи құбылыс екенін, адамның басын тасқа да, тауға да ұратынын, бірақ сол үшін махаббаттың құндылығы жоғалмайтынын жазады.
«Махаббат — ауа секілді. Ол болмаса әйелдің тынысы бітеді. Мен жалғыздықты емес, махаббатты таңдаймын», — деген сөзі желі қолданушыларын терең ойға қалдырды.
Материалда айтылған пікір марқұм жазушы Аягүл Мантайға тиесілі.
Еске сала кетейік, қаламгер Аягүл Мантай 2021 жылдың 29 шілдесі күні өз-өзіне қол жұмсап, өмірден өткен еді.
Жазушы екі кітаптың авторы. Оның 2006 жылы «Жалын» баспасынан «Жаңбырлы көктем» және 2019 «Жүрекке оралу» атты қос кітабы жарық көрген. Ол «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Баққожа Мұқай атындағы әдеби байқаудың жүлдегері. 2010 жылы Әдебиет номинациясы бойынша Президент стипендиясының иегері. Жазушы шығармаларына өз өмірінде арқау етіп үлгерген. Оның «Бөтен», «Соқыр сана», «Томпақ» сынды көптеген өзге де әңгімесі оқырман көңілінен орын тауып үлгерген.

