Фото: PigUA
Шығыс Қазақстанның агросаласы биыл айтарлықтай серпін алып, өндіріс көлемі мен экспорттық бағыттағы өңдеу үлесі едәуір ұлғайды. Өңірде цифрландырудың енгізілуі егін шаруашылығының өнімділігін күшейтіп, ал халықаралық нарықтармен байланыс аймақтың агросекторына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Шығыс Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы – экономиканың тірек саласының бірі. 2024 жылы аграрлық бағыт нақты өсім көрсетті: астық түсімі 101,5%-ке жетіп, майлы дақылдар өндірісі 107%-ке ұлғайды. Экспортқа бағытталған қайта өңделген өнімнің үлесі де өсіп, 66%-тен 71%-ке дейін көтерілді.
– Цифрлық бақылау жүйелерін қолдану арқылы егістіктердің 40%-ында өнімділікті гектарына 30 центнерге дейін жеткізуге қол жеткіздік. АӨК-тің халықаралық байланыстарын күшейту үшін Қытай, Ресей, Өзбекстанмен тұрақты серіктестік орнатылды. Қытайдың ірі сауда компанияларымен жалпы құны 50 млн АҚШ долларын құрайтын май өнімдерін жеткізу туралы келісімге келдік. Ал мал шаруашылығы өнімін Қытай нарығына шығару мақсатында биыл халықаралық деңгейде мойындалған, нәтижелері 112 елде жарамды жаңа сертификаттау зертханасы іске қосылды, – деді Нұрымбет Сақтағанов ОКҚ-де өткен брифингте.

