Бүгін облыстық «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Өскемендегі ШҚО филармониясында Марқакөл ауданының мәдени күндері басталды. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов келді, деп хабарлайды Todayinfo.
Жиналған дүйім жұрттың назарына көрме ұсынылды. Ондағы басты мақсат — ауданның табиғи, тарихи, мәдени және рухани байлығын кеңінен таныту, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және өңірдің әлеуетін көпшілікке паш ету.

10 тақырыптық композициядан тұратын экспозиция мазмұн тереңдігімен ерекшеленді. Онда Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының әсем табиғаты мен жануарлар әлемін бейнелейтін фотосуреттер, аудан аумағынан табылған көне жәдігерлер, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған тақырыптық бұрыш, ұлттық тағамдар, дәстүрлі киім үлгілері және қолданбалы өнер туындылары ұсынылған.
Жасанды интеллект көмегімен жасалған «Болашақтағы Марқакөл» макеттері мен бейнекөрсетілімдер, ауылдың еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін суреттейтін фотоқұжаттық хроника келушілерді ерекше қызықтырды.

Содан соң филормония залында концерт басталды. Марқакөлдің әр түкпірінен келген өнерпаздар әуелетіп ән шырқап, би билеп, театрландырылған көріністер ұсынды.

Айта кетейік, ертең Өскеменде таңғы сағат 08:00-ден бастап Жібек Жолы даңғылы, 44 мекенжайында ауданның ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда халыққа экологиялық таза өнімдер қолжетімді бағада сатылады.

