Алматылық дәрігер сұмдық оқиғаның орын алғанын жариялады. Оның қабылдауында болған жас ерлі-зайыпты жұптың тағдыры өте қорқынышты болған, деп мәлімдейді Todayinfo порталы.
Белгілі психолог-дәрігер Үмида Әбдешованың сөзінше, бұл жұп өзге өңірден үмітпен келіп, жылдар бойы жиналған жан жарасын ақтарған. Олардың бес жүктілігінің тек біреуі ғана бала туумен аяқталған. Дегенмен дүниеге келген сәбиге дюшенн миопатиясы сияқты ауыр генетикалық диагноз қойылған. Қалған төрт жүктілік — түсік немесе іште өлу жағдайларымен аяқталған.
Дәрігердің айтуынша, ерлі-зайыптылар толық медициналық тексеруден бірнеше рет өткен. Барлық анализдер мен генетикалық көрсеткіштер бойынша екеуі де сау.
«Бірақ терең психологилық сессия кезінде күтпеген жайт анықталған: ерлі-зайыптылар үшінші атадан туыс болып шыққан. Олар екеуі де бір рудың – Табын руының өкілдері екен, бірақ туыстық шежірені толық зерттемегендіктен бұл дерек бұрын ескерілмеген», — деп жазды дәрігер.
Маман атап өткендей, бүгінде қоғамда бір рудан болғандардың үйленуіне жеңіл қарау үрдісі бар. Бірақ ол жеңіл ойлайтын жайтқа жатпайды.
«Бір ру ғой, бірақ бізден де сондайлар көп, бәрінің балалары аман-есен» деген қате түсінік кең таралған. Алайда мәселе ру атауында емес, нақты туыстық жақындықта жатыр», — деді ол.
Қазақ халқында жеті атаға дейін үйленуге тыйым салынған. Бұл жай ғана дәстүр емес – генетикалық қауіпсіздік қағидасы.
«Егер ерлі-зайыптылар жеті атадан жақын болса, олардың балалары ауыр дертпен туылуы немесе жүктілік сәтсіз аяқталуы әбден мүмкін», – дейді дәрігер.
Оның айтуынша, мұндай жақын туыстықта тұқым қуалайтын аурулардың пайда болу қаупі бірнеше есеге артады. Егер әке мен шеше екеуі де генетикалық мутация тасымалдаушысы болса, бұл балалардың денсаулығына ауыр әсер етуі мүмкін.
Психолог-дәрігер қазақ халқының генетикасы ежелден мықты екенін, бұл тұқымның күшті болуы жеті ата қағидасын мүлтіксіз сақтауымен тығыз байланысты екенін айтады. Аутизм, даун синдромы және басқа да тұқым қуалайтын аурулар қазақ арасында сирек кездесуінің себебі де осы дәстүрмен түсіндіріледі.
«Махаббат шекараны танымаса да, генетика шегінен аспайды», – дейді ол.
Маман жастарды отбасын құру алдында шежіреге аса мән беруге, жеті атаға дейінгі туыстықты анықтап алуға шақырады. Себебі бұл — тек дәстүр ғана емес, ұлттың биологиялық даналығы. Ал қазіргі кезде қазақ арасында тұқым қуалайтын аурулар тым көбейіп кеткені де жасырын емес.
Фото: Freepik

