Қазақстан мұнайының «күре тамыры» саналатын КТК (Каспий құбыр консорциумы) терминалына тағы да шабуыл жасалды. Новороссийск түбіндегі нысанға дрондар соққы бергеннен кейін, ел ішінде «мұнай экспорты тоқтап қала ма?» деген алаңдаушылық туды. Осыған байланысты Қазақстан Энергетика министрлігі шұғыл ресми мәлімдеме жасады.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта қара алтынды экспортқа шығару және тасымалдау жұмыстары бекітілген кестеге сай, қалыпты режимде жүріп жатыр.
Министр кеңесшісі әрі ресми өкіл Әсел Серікпаева жағдайды былай түсіндірді:
«25 қарашадағы оқиғаға келер болсақ: қолда бар деректер бойынша, Теңіз терминалының тек әкімшілік ғимараты зақымданған. Бұл жағдай өндірістік процеске мүлде әсер еткен жоқ. Қазақстандық учаскеде мұнай қабылдау шектеусіз жүргізілуде».
Министрлік жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын және өзгеріс болса, қосымша хабарлайтынын жеткізді.
Түнде не болды?
КТК баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 қарашаға қараған түні Новороссийск маңындағы теңіз терминалына ұшқышсыз ұшатын аппараттар (дрондар) шабуыл жасаған.
Соққы салдарынан әкімшілік корпус зақымданды. Бұл ғимарат – Ресей мен Қазақстандағы бүкіл «Теңіз – Новороссийск» құбыр жүйесін бақылайтын басты орталық болып саналады.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қалада дабыл қағылған сәтте қызметкерлер шұғыл түрде қауіпсіз жерге (панаханаға) көшірілген. Дегенмен, қауіпсіздік үшін айлақтағы жүк тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Бұл бірінші шабуыл емес
Өкінішке қарай, Қазақстан мұнайын тасымалдайтын негізгі дәліз жиі нысанаға алынып жүр.
-
24 қыркүйекте дрондар КТК-ның Новороссийскідегі қалалық кеңсесіне соққы берген еді.
-
Ал 17 ақпанда бірден жеті дрон «Кропоткинская» станциясына шабуыл жасаған болатын.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі КТК-ға жасалған шабуылдарға байланысты Украина тарапына өз алаңдаушылығын білдірген еді. Сондай-ақ, жақында «Шесхарис» мұнай кешеніне де шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған, алайда ол кезде де қазақ мұнайын тасымалдауға кедергі болған жоқ.

