Фото: monetam.livejournal
Өлкетанушы, тарихшы Өмір Шыныбекұлы фейсбук парақшасында Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары қазақ халқы тартқан қасірет пен большевик басшыларының шектен тыс байлығын салыстырған жазба жариялады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы.
Тарихшының айтуынша, 1919–1921 жылдардағы ашаршылықта кемінде 1 миллион қазақ қырылғанымен, сол кезеңде кеңестік элита сарайларда өмір сүріп, миллиондаған қаржыға иелік еткен.
Тарихшы Өмір Шыныбекұлы өзінің жаңа жазбасында қазақ халқы 1919–1921 жылдары бастан өткерген ашаршылықтың ауқымын және сол уақытта кеңестік басшылардың байлыққа белшесінен батқанын жазады. Оның айтуынша, зерттеушілер аштықтан кемінде 1 миллион қазақ қырылғанын айтады, нақты зерттелсе бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Өмір Шыныбекұлы сол жылдары Арал теңізінің балығы ашыққан қазақтарға емес, Петроградқа жөнелтіліп отырғанын атап өтті.
Тарихшы мысал ретінде 1921 жылғы жағдайды келтіреді. Большевиктер билікке келгеніне небәрі үш жыл өткенде, олардың басшылары байлыққа толы өмір сүрген. Владимир Ленин Мәскеудегі тартып алынған зәулім особнякта тұрып, бұрын патша әулетіне тиесілі сәнді автокөліктерді иеленген.
Жазбада келтірілген мәліметтерге сүйенсек, дәл сол уақытта Лениннің Швейцария банктеріндегі есепшотында 75 млн франк тұрған; Феликс Дзержинский алтын өндірушілерден тартып алынған бірнеше сарайда тұрған, есепшотында 80 млн франк сақталған; Григорий Зиновьев пен Лев Троцкийдің де миллиондаған доллар мен франк көлеміндегі қаражатқа иелік еткені айтылады.
Өмір Шыныбекұлының жазбасында «New York Times» газетінің 1921 жылы жариялаған журналистік зерттеуі дерек көзі ретінде көрсетіледі. Онда большевик көсемдерінің халықаралық банктердегі үлкен көлемдегі қаржысы туралы ақпарат берілген.
Тарихшы сондай-ақ кеңестік элитаның күн сайынғы ас мәзірін де мысалға келтіреді. Мәліметке сәйкес, Дзержинский сияқтылар аштықтан қырылып жатқан халыққа қарамастан, стерляд, лосось, маренго тауық, спаржа секілді деликатестерді тұтынған.
«Ең сорақысы – сол кезеңде жазушылар мен журналистер халыққа Ленин мен Дзержинскийдің қарапайым өмір сүріп жатқандай етіп көрсеткені», — дейді Өмір Шыныбекұлы.
Тарихшы жазбасында Кеңес өкіметі салған қалалардың құны тым ауыр болғанын, ал сол кезеңдегі қазақ халқының аштық, геноцид пен зорлық-зомбылықтың құрбанына айналғанын атап өтті.

