Фото: Facebook/amizhankossan
Қоғам белсендісі әрі журналист Әміржан Қосанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жариялады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
2019 жылғы президенттік сайлауда екінші орын алған Қосанов өз үндеуінде ұлттық мүдде, ішкі саясат, идеология, азаматтық қоғам және кадрлық саясатқа қатысты бірқатар маңызды мәселелерді көтерген.
Хаттың басында ол Тоқаевтың «Жаңа және Әділетті Қазақстан» құру бастамаларын қолдайтынын айта отырып, жүйедегі түйткілдерге назар аударуды сұрайды. Оның сөзінше, президентке есеп беріп жүрген шенеуніктердің барлығына сене беруге болмайды, себебі өңірлердегі және министрліктердегі нақты жағдай баяндағандай емес.
Сонымен қатар ол соңғы уақытта қаржы тапшылығы деген желеумен ішкі саясат пен рухани салаға бөлінетін қаражат қысқарып жатқанын сынға алады.
«Өз идеологиясын қаржыландырмаған ел басқа мемлекеттердің ықпалына тез түседі», – дейді Қосанов.
Хатта азаматтық қоғам мәселесі де қозғалған. Оның ойынша, билікке сын айтқан әр азаматты «қарсылас» ретінде қабылдау дұрыс емес. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», – деп атап өтті ол.
Қосанов президенттің айналасында қалыптасып жатқан топтардың біржақтылығы мен ықпал үшін таласын да ерекше атап өткен. Оның айтуынша, билік төңірегінде тартыс күшейсе, бұл елдің тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін.
Тағы бір маңызды жайт — кадр саясаты. Қосанов соңғы уақытта трайбализм мен жершілдікке жол беріле бастағанын алға тартып, кадр таңдауда ашықтық пен әділдік қажет екенін айтты.
Сөз соңында ол президентті 2029 жылғы сайлауға дайындықты қазірден бастауға шақырып, саяси процестің өркениетті, ашық әрі жалпыұлттық легитимді болуы үшін нақты қадамдар қажет екенін жеткізді.

