2022 жылы Индустрияландыру бағдарламасы және «Бір белдеу – бір жол» аясындағы Қазақстан–Қытай ынтымақтастық жобасы шеңберінде аймақта жылдық қуаттылығы 197,1 мың тоннаны құрайтын инновациялық табақша шыны зауыты іске қосылды. Бұл – республикадағы жалғыз табақша шыны өндіретін кәсіпорын. Жобаны жүзеге асыру үшін 42 млрд теңге көлемінде шетелдік инвестиция тартылған, деп хабарлайды Todayinfo.
Зауыт іске қосылғалы бері өнімнің 70%-ы ішкі нарыққа, ал 30%-ы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузияға экспортталуда.
Аймақ басшысының Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары нәтижесінде 2024 жылы жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндіретін жаңа желі қосылды. Жобаның инвестициялық құны – 15 млн АҚШ доллары. Облыс әкімдігі зауыттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және инфрақұрылымдық қолдау көрсету бағытында кешенді шаралар жүргізіп отыр.

Шыны өндірісі аймақта ілеспе кәсіпорындардың дамуына серпін берді.
•«Айна Гласс» – жылына 720 мың шаршы метр айна өндіретін жаңа кәсіпорын биыл жұмысын бастады. Өнімдері Алматы, Шымкент және Түркістан облыстарына сатылуда.
•«Комфорт-1 KZ» – заманауи автоматтандырылған технологиялар арқылы жоғары сапалы екі қабатты терезелер мен әйнектерді өндіруде. Компания алдағы уақытта жылына 22,6 мың м² шыңдалған шыны өңдеу жобасын (5,5 млрд теңге) іске қосуды жоспарлап отыр.
•Жеке кәсіпкер «Достық» – көпфункционалды және түрлі форматтағы әйнек пакеттерін өндіретін цех ашты. Компания құрылысқа, безендіру жұмыстарына және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған әйнек өнімдері мен алюминий профильдерінен жасалған бұйымдарды шығарады. Келесі жылы кәсіпкер шыңдалған шыны өндіретін жаңа цех іске қосып, толық өндірістік цикл қалыптастыруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, «Seven Rivers Technologies» серіктестігімен бірлесіп, немістің Horn Glass технологиясы негізінде жылына 240 млн дана шыны бөтелке өндіретін ірі жоба (60 млрд теңге) жүзеге асырылуда.
Ілеспе өндірістерді дамыту – өңірде шыны кластерін қалыптастыруға, салық базасын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнім түрлерін көбейтуге, заманауи халықаралық технологияларды енгізуге және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, экономиканы әртараптандыру мақсатында 2025–2028 жылдары өңірде құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады

