Алматы мен Астанада ата-аналардың миллиондаған қаржысын жымқырды деп айыпталған «Tesla Education» (TED Company) оқу орталығына қатысты дау басылар емес. «Todayinfo.kz» ақпараттық агенттігінің ресми сауалына ҚР Оқу-ағарту министрлігі жауап берді. Ведомство мұндай орталықтарды тексеруге құзыреті жоқ екенін ашық айтты.
Еске сала кетейік, жақында «Tesla Education» орталығының кеңселері жабылып, жүздеген ата-ана оқу ақысын алдын ала төлеп (оның ішінде банк несиесі арқылы) сан соғып қалған болатын. Осыған байланысты редакция министрліктен жекеменшік білім беру нарығы қалай реттелетінін сұраған еді.
Оқу-ағарту министрлігінің Ақпараттық қамтамасыз ету департаменті ұсынған жауапта мынадай негізгі мәселелер анықталды:
1. Министрлік лицензия бермейді және тексермейді
Көптеген ата-аналар «Білім министрлігі қайда қарап отыр?» деген сұрақты жиі қояды. Алайда, ресми жауапқа сүйенсек, министрліктің қолы байлаулы.
«Министрлік «Tesla Education» және өзге де қосымша білім беру ұйымдарын қоса алғанда, оқу орталықтарының қызметін лицензиялау немесе рұқсат беру өкілеттіктеріне ие емес», — делінген министрлік хабарламасында.
2. Кез келген адам оқу орталығын аша алады
Министрліктің түсіндіруінше, қосымша білім беру (тіл курстары, ҰБТ-ға дайындық және т.б.) нарығына кіру үшін арнайы білім беру лицензиясы керек емес.
-
Заңдық негіз: Мұндай ұйымдар ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жұмыс істейді.
-
Тіркелу: Жеке кәсіпкер (ЖК) немесе Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде тіркелу жеткілікті.
Бұл дегеніміз – оқу орталығын ашқан кәсіпкер білім беру сапасы мен қаржылық адалдық үшін Білім туралы заң аясында емес, қарапайым бизнес субъектісі ретінде жауап береді.
3. Мемлекеттік бағдарламаға қатысы жоқ
Редакция өз сауалында орталықтың «DamuBala» немесе жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламаларына қатысы бар-жоғын сұраған болатын. Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, «Tesla Education» мемлекеттік тапсырыс тізімінде болмаған және бюджеттен қаржыландырылмаған.
Оқу-ағарту министрлігінің жауабы жекеменшік курстар нарығының мемлекеттік қатаң бақылаудан тыс екенін көрсетті.
Зардап шеккен ата-аналарға ендігі үміт – тек құқық қорғау органдары. Ал алдағы уақытта баласын ақылы үйірмеге беретін азаматтар мынаны ескеруі керек: Мемлекет жекеменшік оқу орталықтарының жабылып қалмауына немесе ақшаны қайтаруына кепілдік бермейді.
Депутат дабыл қақты: «Tesla» және басқа оқу орталықтары қаржы пирамидасына ұқсайды

