Ақтау қаласының 39-шағын ауданындағы жаңа салынған тұрғын үйдің фасады екі жыл ішінде үгітіліп, тастары түсіп жатқанын жергілікті тұрғындар айтып дабыл қақты. Олардың сөзінше, 11-үйдің сыртқы қабырғаларынан топырақ қопсып шығып, үлкен қуыстар пайда болған, деп хабарлайды Todayinfo.
Тұрғындар бұл жағдай үйдің сырты кез келген уақытта опырылып, аяқ астында жүрген адамдарға қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады.
Айтуынша, олар бірнеше рет жауапты мекемелерге жүгінген. Алайда мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ. Үйдің кепілдік мерзімі аяқталуға жақын, ал құрылыс компаниясы нақты әрекетке көшпей отыр.
Тұрғындар сапасыз құрылысты қабылдап алған жергілікті әкімдіктің де бұл жағдайға байланысты түсініктеме бермегенін алға тартады. Олардың пікірінше, бақылау әлсіреген, ал қауіп өсіп отыр.
Тұрғындардың өміріне тікелей қауіп төндіріп тұрған ақауларды кім жоятындығы әзірге белгісіз. Жаңа үйдің сапасына қатысты күмән күшейіп, тұрғындар қауіпсіздікке кепілдік талап етуде.
Фото: скрин

