Қоғам белсендісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрескер Дидар Смағұлов Денсаулық сақтау министрлігінің өзін «антиваксер» қылып көрсету әрекетіне жауап берді. Ол өзінің медицина ғылымын толық қолдайтынын, бірақ министрлік ұсынып отырған нақты бір препараттың сапасы мен қауіпсіздігіне күмәнмен қарайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы.
Смағұловтың айтуынша, министрлік назарды жемқорлық мәселесінен басқа арнага бұру үшін оны вакцинацияға қарсы адам ретінде көрсетуге тырысуда. Алайда белсенді өзін «нағыз ваксер» деп атап, айналасын медицина жетістіктерін елеусіз қалдырмауға шақыратынын жеткізді.
Мәселенің төркіні белсендінің 6 жасар қызын жоспарлы вакцинацияға апарған кезден басталған.
«Көне жиынтық» және температуралық режим
Дидар Смағұловтың назарын аудартқан бірінші мәселе – Sanofi компаниясының Adacel (Адасель) препаратының сыртқы пішіні мен жиынтығы болған.
«Заманауи вакциналар шприцпен бірге жеткізіледі және ең бастысы – оларда температура датчигі (термоиндикатор) болады. Бұл суық тізбегінің сақталғанына кепілдік береді. Егер режим бұзылса, индикатор түсі өзгеріп, оны қолдануға болмайтынын бірден түсінесіз. Ал бізге ұсынылған «баночкада» ондай ештеңе жоқ. Оны қалай жеткізгені, қайда сақтағаны белгісіз», – дейді Смағұлов.
Оның айтуынша, Қазақстанда, әсіресе өңірлерде тасымалдау жүйесі тұрақты +2…+8 °C температураны қамтамасыз ете алмайтын жағдайлар жиі кездеседі. Температуралық режимнің бұзылуы вакцинаның күшін жоюы немесе бала денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Белсенді қызының екпеден кейін бір ай бойы бас ауруына шағымданғанын да атап өтті.
ДДСҰ ұсынымына қайшы ма?
Смағұловтың келтірген екінші және ең салмақты уәжі – вакцинаның жас ерекшелігіне сай келмеуі.
«Adacel – бұл жасөспірімдер мен ЕРЕСЕКТЕРГЕ арналған Tdap (құрамында дифтерия мен көкжөтел антигендері азайтылған) бустері. Ол кішкентай балаларға арналмаған! Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сайтында оны 7 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайтыны анық жазылған», – деп жазды автор.
Ол өз сөзіне дәлел ретінде халықаралық тәжірибені мысалға келтірді:
* АҚШ пен Еуропада: 4-6 жастағы балаларға DTaP (балалар дозасы) қолданылады.
* Adacel (Tdap): 11-12 жастағы балаларға салынады.
Смағұловтың пікірінше, ДДСҰ ұсынбаған бустерлерді қолдану баланың иммундық жүйесінің тепе-теңдігін бұзуы мүмкін.
«Қымбат, бірақ сапасыз»
Белсендінің ашуын туғызған тағы бір жайт – препараттың бағасы. Оның айтуынша, ескі үлгідегі термодатчигі жоқ бұл вакцинаның құны заманауи, қауіпсіз аналогтарымен шамалас.
«Sanofi басқа елдерге термоиндикаторлары бар вакциналар жеткізеді, ал бізге қыруар қаржыға осы «өткен ғасырды» пиғылайды. Қауіпсіздік қайда? Министрдің балаларға деген қамқорлығы осы ма?» – деп сұрақ қойды Смағұлов.
Қорытындылай келе, Дидар Смағұлов ғылыми зерттеулер мен ДДСҰ-ның ресми ұстанымдары өз жағында екенін айтып, Денсаулық сақтау министрлігімен даудың келесі раундына дайын екенін білдірді.

