Фото: видео скриншот
Ұлттық ұлан сарбазы Алмас Шахимов 2022 жылдың 9 тамызында әскерге шақырылғаннан кейін небәрі екі ай өтпей көз жұмған еді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Алғашқы мәліметтерде оның өліміне «құмды дауылдан құлаған шатыр себеп болды» деп хабарланған. Алайда бұл нұсқаға марқұмның туыстары сенбей, істің қайта қаралуын талап етті. Кейін эксгумация жүргізіліп, тергеу қайта басталды.
Тергеу қорытындысы бойынша Шахимовтың өліміне байланысты взвод командирі Дәурен Байızбеков айыпталды. Бүгін өткен сот отырысында ол соңғы сөзін айтты.
«Алмас — жүрегімде мәңгі қалатын бала. Ол өте тәртіпті, үлгілі сарбаз еді. Сол күні дауыл болды, куәгерлердің бәрі түсініктеме берді. Мені жауыз етіп көрсетудің қажеті жоқ. Иә, Алмас қайтыс болды, мен тірімін — айыбым сол ғана», – деді айыпталушы сотта.
Бұл іс қоғамда да, әскери саланың ішінде де үлкен дау тудырып отыр. Туыстар әділдік талап етсе, қорғаушылар оқиғаның басқа қырлары барын айтады. Үкім алдағы күндері шығуы мүмкін.

