Алматы облысында ұлттық дәстүрді дәріптеп, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Мәдени іс-шара Қонаев қаласында өтті. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шараға елге танымал тұлғалар шақырылды. Іс-шара барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Сұлтанұлы өңірде саланы өркендетуге өлшеусіз үлес қосып жүрген мамандарды құттықтап, зор құрметін білдірді.
«Мереке аясында бірқатар қызметкерлерге Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлының алғыс хаты және Құрмет грамотасы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның алғыс хаты, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалі табысталды», — деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оған қоса жеке өнер иелері мен ұжымдары арнайы номинациялар және ақшалай сыймен марапатталды. Номинацияларды Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбеков, Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек ағаларымыз табыстады. Ал бас жүлде — «Шевролет Ковальт» автокөлігінің кілті «Үздік мәдениет мекемесі» атанған Ұйғыр аудандық мәдениет үйіне табысталды.
«Шара соңы мерекелік концертке ұласып, сахна төрінде Сәкен Майғазиев, Гүлнұр Оразымбетова, Өмірқұл Айниязов, Шаба Әденқұл, Құдайберген Бекіш, Медет Орынбаев, Мирас пен Құралай сынды қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары өнер көрсетті. Сонымен қатар, өңіріміздің өрелі өнерпаздары ән мен биден шашу шашты. Баршаңызға кәсіби мереке құтты болсын! Еңбектеріңіз жана берсін, әріптестер!», -деді облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.