Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жібек кластерін дамытудың жол картасы әзірленіп, шаруаларға несие беру бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Осы ретте Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың бастамасымен ауданда тұт өсіру арқылы жібек құртын өндіру ісі қолға алынып, өткен жылы көршілес Өзбекстан елінің Андижан қаласынан әкелінген жапондық «Ашима» сортының алғашқы 10 мың данасы егілген болатын.
Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, жібек кластерін дамыту мақсатында тұт ағаштарын отырғызуға болатын ауданның теңгеріміндегі 31,8 гектар жер қарастырылып отыр. Жібек өндірісін дамытуға қызығушылық білдірген 6 кәсіпкер анықталып, қолдағы 52 гектар жердің бүгінгі таңда 25 гектар жеріне тұт егу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тұт ағаштары жібек құртын өсіруде маңызды рөл атқарады. Себебі олардың жапырақтары жібек құртының негізгі қорегі болып табылады. Жетісай ауданында жібек өндірісі арқылы ауыл шаруашылығының жаңа саласын дамыту көзделіп отыр. Бұл жоба ауылдық аймақтарда жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға септігін тигізеді.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы Turkistan invest өңірлік агенттігінің хабарлауынша жібек кластерін дамыту бойынша қолға алынған шаралар Жетісай ауданында жібек өндірісінің қарқынды дамуына ықпал етеді деп күтіледі. Жоба жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалар үшін бұл үлкен мүмкіндіктер ашып, облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қосады.