Халықаралық қайырымдылық күні қарсаңында мұқтажы жандарға көмек көрсету жалғасып жатыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Түркістанда мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған «Игі істер марафоны» ауқымды акциясы жалғасып жатыр. Осы орайда Халықаралық қайырымдылық күніне орай, Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты мекемелер мен дербес бөлімдер «Игі істер марафонына» атсалысты.
Қайырымдылық марафоны аясында өмірлік қиын жағдайға тап болған 30-ға жуық отбасына көмек көрсетілді. Аталған отбасылардың сұранысына сай, кей отбасыларға тұрмыстық техника табысталса, енді бірі азық-түлік пен киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Кейбір тұрғындардың ауласы мен баспаналарының санитарлық жағдайы ретке келтірілді.
«Игі істер марафоны» — азаматтардың волонтерлік, қайырымдылықпен айналысуына ықпал ететін бірегей жоба. Биылғы жылдың шілде айында басталған қайырымдылық шарасы желтоқсан айына дейін жалғасады. Кез келген адам еріктілерге қосыла алады.
Түркістан қаласы әкімдігінің мәліметінше, «Игі істер марафоны» басталғаннан бері түркістандық еріктілер зейнеткерлердің жеке секторларындағы үйлердің санитарлық жағдайын ретке келтірді. Сонымен қатар, жалғызбасты зейнеткерлерге бару, коммуналдық қызметшілерге ыстық шай тарату, қарды тазалау, мал қораларына бару, жалғызбасты зейнеткерлердің үйлерін тазалауға көмектесу, азық-түлік себетін жеткізу сынды іс-шаралар өткізілді.