Түркістанда «Қазыналы керуен-2024» облыстық іс-шарасы салтанатты түрде өтті. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл акцияның негізгі мақсаты – өңірлер арасындағы мәдени әріптестікті нығайту және ұлттық тарих пен әдебиетті насихаттау. Іс-шараны Түркістан облысы мәдениет басқармасы мен «Фараб» кітапханасы ұйымдастырып, оған аудандық кітапханалар белсене атсалысты. Бұл іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, мәдениеттің дамуына үлес қосуды көздейтін керемет бастама болды.
Акция аясында Төлеби, Сайрам және Түлкібас аудандарының кітапханаларының қатысуымен бірнеше маңызды мәдени шаралар өткізілді. Олардың қатарында сахналық қойылымдар, әдеби композициялар, танымдық кездесулер және көрмелер ұйымдастырылды. Бұл оқиғалар әрбір ауданның тарихи тұлғаларын және ұлттық мәдени мұраларды жаңғыртуға арналды.
Кітапханашылар «Сақ патшайымы – Томирис», «Қазақ хандығы. Абылай Хан», «Алаш зиялылары», «Тұрар.Тарих.Тұлға» тақырыптарымен әртүрлі дәуірлердегі ұлы тұлғаларға арналған сахналық қойылымдарды ұсынды. Бұл қойылымдар халықтың ұлттық тарихи жадысын жаңғыртып, ата-бабаларымыздың мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Тарихымыздағы айтулы тұлғалар, олардың ерліктері мен еңбектері көрермендерге әсерлі түрде жеткізілді.
Іс-шараның алғашқы кезеңі «Әдеби композиция» деп аталып, облыстан шыққан атақты ақын-жазушылардың шығармаларына арналды. Әр аудан өз өңірінен шыққан қаламгерлердің туындыларын көркемдеп, сахнаға ұсынды. Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Туған жерім тұғырым» атты әдеби композицияны көрсетті. Онда туған жер тақырыбындағы өлеңдер, прозалық шығармалар оқылып, көрермендерді туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді көздеді. Төлеби аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Төлебидің ғажайып өрнектері» атты әдеби композицияны сахнаға шығарды. Бұл қойылымда Төлеби ауданының тарихи-мәдени мұрасы мен көркем табиғаты жырланды. Ал Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Шырайлы – Шұбарқызылым» атты әдеби композицияны дайындап, көрермендердің ықыласына бөленді. Шұбарқызылдың әсем табиғаты, оның тарихи орындары мен мәдени құндылықтары әсерлі түрде баяндалды.
Іс-шара барысында қатысушыларды құттықтауға құрметті қонақтар шақырылды. Түркістан қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген Мәрсәлі Кеңес, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев, еңбек ардагері Пәйзіұлы Хамза және Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева сынды танымал тұлғалар сөз сөйлеп, акцияның маңыздылығы туралы өз пікірлерін білдірді. Олардың айтуынша, мұндай мәдени шаралар оқырмандардың рухани әлемін байытып, тарихқа деген қызығушылығын арттырады. Сондай-ақ, олар мәдениет пен әдебиет арқылы қоғамды бірлік пен ынтымаққа шақырудың маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, акция барысында жастарға арналған арнайы танымдық іс-шаралар өткізілді. Оқушылар мен студенттер тарих, әдебиет және мәдениет тақырыптарында ашық сабақтар мен лекциялар тыңдап, өз білімдерін жетілдірді. Әсіресе, балаларға арналған танымдық ойындар мен викториналар көпшіліктің көңілінен шықты.
Акция соңында қатысушыларға арнайы естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Шараның басты мақсаты – аудандық әріптестік байланыстарды нығайта отырып, тарихты насихаттау және мәдениеттің дамуына ықпал ету. Жылдың соңында өтетін әдеби финалда ең үздік шығармалар мен қойылымдар марапатталады деп жоспарлануда.
«Қазыналы керуен-2024» акциясы Түркістан облысының мәдениет пен өнер саласында өшпес із қалдырады деп күтілуде. Бұл акция тек қана мәдени шара емес, сонымен қатар, ұрпақтар арасындағы рухани көпір болмақ. Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұрасын жандандыру және насихаттау арқылы жастарға ұлттық құндылықтарды жеткізудің маңызды үлгісі ретінде бағаланып отыр.
Акцияға қатысушылардың айтуынша, бұл іс-шара олардың ұлттық тарихқа деген сүйіспеншілігін арттырып, мәдениетті тереңірек түсінуге көмектескен. Жыл сайынғы өткізілетін бұл акция келешекте де өз жалғасын табады деп үміттенеміз.